ҚР Ұлттық банкі бірқатар валюта айырбастау пункттеріне қомақты айыппұл салды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі доллар және еуроның теңгеге шаққандағы белгіленген бағамынан асырып жіберген бірнеше валюта айырбастау пункттеріне қомақты айыппұл салып, лицензияларының қолданылуын уақытша тоқтатып тастады. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетейік, бұның алдында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов шетел валюталарының белгіленген дәлізінен шығып, пайда көріп қалғысы келетін валюта айырбастау пункттері жауапкершілікке тартылатындығын хабарлаған болатын.

«Уəкілетті банктердің жəне уəкілетті ұйымдардың айырбастау пункттері жүргізетін, қолма-қол шетел валютасымен операциялар бойынша алыпсатарлықты болдырмау мақсатында ҚР Ұлттық банкі басқармасының «Айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша АҚШ долларын жəне еуроны теңгеге сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін белгілеу туралы» 2014 жылғы 11 ақпандағы № 18 қаулысы қабылданды», - делінген хабарламада.

Осыған орай, Қаулыны сақтау мəселелері бойынша 391 жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Қаулыны сақтамаудың анықталған фактілері бойынша жалпы сомасы 2,8 млн. теңгеге айыппұлдар түрінде 10 əкімшілік жаза қолданды.

Сонымен қатар «Валюталық реттеу жəне валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы ҚР Заңына сəйкес ҚР Ұлттық банкі аумақтық филиалдарының шешімдерімен бес уəкілетті ұйымның шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға арналған лицензиялардың қолданылуы уақытша тоқтатылды.

«Уəкілетті банктерге (олардың филиалдарына) қатысты материалдар ҚР Ұлттық банкіне «Қазақстан Республикасындағы банктер жəне банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы ҚР Заңына сəйкес шектеулі ықпал ету шараларын жəне санкцияларды қолдану мəселесін қарау үшін жіберіледі. ҚР Ұлттық банкі лауазымдық міндеттерді лайықсыз орындауға байланысты ҚР Ұлттық банкі филиалдарының екі лауазымды тұлғасын лауазымынан босату туралы шешім қабылдады», - деп жазады банктің баспасөз қызметі.