ҚР Ұлттық банкі бүгін Азиада-2011-ге арналған номиналы 50 мың теңгелік ескерткіш алтын монетаны айналысқа шығарады

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі бүгін 2011 жылғы 7-Қысқы Азия ойындарына арналған номиналы 50 мың теңгелік ескерткіш алтын монетаны айналысқа шығарады. ҚазАқпарат бүгін ресми БАҚ беттерінде жарияланған Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің ресми хабарын жариялап отыр.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми хабары

Алматы 2011 жылғы 27 қаңтар

Қазақстан Республикасында 2011 жылғы 7-Қысқы Азия ойындарына арналған ескерткіш алтын монетаны айналысқа шығару туралы

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының № 2155 Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2011 жылғы 27 қаңтарда номиналдық құны 50000 теңгелік Қазақстан Республикасында 2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарына арналған «proof» сапасымен жасалған ескерткіш алтын монетаны айналысқа шығарады.

Ескерткіш алтын монетаның сипаттамасы:

Монетаның бет жағында (аверсінде) оң бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «50000 ТЕҢГЕ» деген жазу, монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Au 999 1000 gr.» деген жазу және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі орналасқан. Сол жақ бөлігінде қар ұшқындарымен қоршалған «Көк тәңірі» петроглифінің стильдендірілген бейнесі салынған. Төмен­гі бөлігінде шаңғының ізі және монета соғылған жылды білдіретін «2010» деген сан бейнеленген. Айнал­дыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКА­СЫ» және ағылшын тілінде «REPUBLIС OF KAZAKHSTAN» деген жазулар ойып жазылған және шығыңқы жиек жүргізілген.

Монетаның сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде стиль­дендірілген күңгірттелген мұз үстінде 2011 жылы өтетін 7-ші Азия ойын­дарының логотипі орналастырылған. Сурет қысқы спорт түрі­нің идеограммаларымен қоршалған. Айналдыра мемлекеттік тілде «7 ші ҚЫСҚЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ», ағылшын тілінде «7 th ASIAN WINTER GAMES» деген жазулар және шығыңқы жиек жүргізілген.

Монетаның бет жағындағы және сырт жағындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген.

Қыры (гурты) бедерлі.

Монета 999/1000 сынамды алтыннан дайындалған, массасы 1000 грамм, диаметрі - 100 мм, дайындалу сапасы - «proof», таралымы - 145 дана.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы ресми хабарға түсініктемесі

Осы ескерткіш алтын монета Қазақстан Республикасында 2011 жылғы 7-Қысқы Азия ойындарына арналып жасалды.

«Proof» сапасымен жасалған ескерткіш монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.

Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі - ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.