Шара барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады.
«Заң жобасында жүктеме сақтандыруы енгізу мәселесі қарастырылған. Бұл тұрғыда біз көптеген елдердің тәжірибесін ескердік. Осы елдерде дәстүрлі міндетті сақтандырудан модификацияланған түріне ауысу үрдісі байқалуда, яғни жүктеме сақтандыру қамтылған. Мәселен, Францияда міндетті сақтандырудың 100-ден астам түрі бар, олардың ішінде тек төртеуі ғана заңнамалық акті деңгейінде реттеледі. Яғни онда заң деңгейінде міндетті сақтандырудың қызмет етуінің талаптары мен тәртібі айқын регламенттелген. Міндетті сақтандырудың қалған түрлері жүктемелі түрде жұмыс істейді, осы орайда жеке арнайы заңды қабылдау қажеттілігі жоқ», - деді Жанат Құрманов.
Оның сөзіне қарағанда, жүктеме сақтандыру айтарлықтай икемді талаптарды ескереді. Нарықтың кәсіби қатысушысы сақтандыруды сатып алуды міндеттейді, осы сақтандыруға міндетті талаптарды заң деңгейінде ұсынады. Ал қалғандары клиент пен сақтандыру компаниясы арасындағы келісімшарттық қатынастар деңгейінде жүреді.
«Сақтандыру талаптары клиент үшін бейімделіп, оның қажеттіліктерін ескереді», - деді Ж. Құрманов.
Оның пайымынша, Қазақстанда кәсіби жауапкершіліктің міндетті сақтандыруының бірқатары жүктемелі сақтандыру режіміне ауыса алады.