ҚР Ұлттық банкі мамырдың 12-сінен бастап ресми қайта қаржыландырудың жылдық ставкасын 9,0 пайыз деңгейінде белгіледі
14:09, 12 Мамыр 2009
АЛМАТЫ. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қаржы нарығындағы үрдістерді және инфляцияның жылдық деңгейінің төмендеуін ескере отырып,
ҚР Ұлттық банкі (ҚР ҰБ) мамырдың 12-сінен бастап ресми қайта қаржыландырудың жылдық ставкасын 9,0 пайыз деңгейінде белгіледі. Бұл туралы бүгін Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихатында ҚР ҰБ төрағасы Григорий Марченко айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ұлттық банкі төрағасының сөзіне қарағанда, инфляция ары қарай төмендеуді жалғастырса, ҚР ҰБ қайта қаржыландыру ставкасын да түсіре беретін болады.
Қазіргі кезде ҚР Статистика агенттігінің ресми мәліметі бойынша биылғы сәуір айында инфлация көлемі 0,8 пайызды құраған. (2008 жылдың сәуірінде 0,9 пайыз). Өткен айда азық-түлік бағалары - 1,1, азық-түлік емес өнімдер - 0,9 және ақылы қызметтер 0,4 пайызға өскен.Азық-түлік тауарлары нарығында өткен айда ең көп дәрежеде қант - 6,6, жемістер мен көкөністер - 3,3, темекі - 2,8, алкогольсіз сусындар - 2,6, ет пен ет өнімдері 1,5 пайызға қымбаттаған. Ал май өнімдерінің бағасы - 1,8, жұмыртқа - 1,2, ұн 1,7 пайызға төмендеген.Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша жеке гигиена тауарларының бағасы - 2,1, жуу және тазалау құралдарымен медициналық дәрі-дәрмек -1,9, газет, кітап, кеңсе тауарлары 1,5 пайызға көтерілген. Дизель отыны 4,7 пайызға, бензин 1,5 пайызға арзандаған. Халыққа қызмет көрсету бойынша тұрғын-үй коммуналдық қызмет көрсету құны өзгермеген. Ал медициналық қызмет - 2,9, көлік қызметі - 0,5, темір жол қызметі 2,3 пайызға қымбаттаған. Жалпы жыл басынан бері инфляция 2,8 пайызды (2008 қаңтар-сәуірде 3,4 пайыз) құрап отыр.2008 жылғы тиісті көрсеткіштермен салыстырғанда 2009 жылдың 4 айында инфляцияның баяулауына азық-түлік тауарлары бағасы себеп болған. Бұл кезеңде азық-түлік бағасы 2,4 пайызға (2008 жылы 4,7 пайыз) артқан.ҚР Ұлттық банктің төрағасының мәлімдеуінше, сәуірдің қорытындылары бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші баяулап 8,8 пайызды құраған (2008 жылғы желтоқсанда 9,5 пайыз). Азық-түлік тауарларының бағасы - 8,4, азық-түлікке жатпайтын тауарлар - 7,2, ақылы қызмет көрсету 11,3 пайызға өскен.