Оның айтуынша, Ұлттық банктің айырбас бағамы бойынша қандай да бір бағдары жоқ және оның әсері бойынша кез келген мерзімге болжам жасамайды.
«Әрине, еркін өзгермелі айырбастау бағамы жағдайында сыртқы жағдайларға, мысалы мұнай бағасы мен Ресей рублі бағамының өзгеруіне байланысты теңгенің де бағамы жоғары-төмен құбылуы мүмкін. Бұл жерде теңге бағамына ішкі факторлар да әсер етеді. Алайда, сыртқы тұрақсыздық жағдайында мұндай саясат өзін ақтайды деп ойлаймын. Яғни, ол теңге бағамының бір мезетте күрт өзгеріп кетуіне жол бермейді. Осылайша, қазіргі жағдайда Ұлттық банктің тікелей қатысуынсыз-ақ валюта нарығында тепе-теңдік қалыптасып жатыр. Бұл жағдайда ҚР Ұлттық банкі теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы саясатын одан әрі жалғастыратын болады. Айырбас бағамы бойынша бізде қандай да бір нақты бағдар жоқ және «осы кезеңде теңге бағамы осылай болады» деп нақты болжам жасамаймыз. ҚР Ұлттық банкі теңге бағамы күрт ауытқып кеткен жағдайда ғана валюта нарығына араласады. Өйткені, ол елдің қаржылық тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін. Ал біз бұған жол бере алмаймыз. Елдің қаржылық тұрақтылығы біз үшін өте маңызды», - деді Д. Ақышев.
Айта кетелік, ҚР Ұлттық банкі валюта нарығында 2015 жылдың желтоқсан айында 851 млн. АҚШ долларын сатқан. Онда, жалпы сауда көлемі бойынша Ұлттық банктің жасаған операцияларының үлес салмағы бар болғаны - 18 пайызды құраған. Бұл 2015 жылдың тамыз айына бергі ең төменгі көрсеткіш. Яғни, желтоқсан айында ҚР Ұлттық банкі валюта нарығының негізгі қатысушысы болған жоқ. Сәйкесінше, теңге бағамының қалыптасуына ықпал етпеген. Тек жекелеген күндері ғана орын ала бастаған күрт ауытқушылықтарды жойып отырған. Ал валюта басқыншылығына келер болсақ, 2015 жылдың қараша-желтоқсан айларында ҚР Ұлттық банкі валюта нарығында 274 млн. АҚШ долларын сатты. Бұл екі ай ішіндегі жалпы сауда көлемінің 3-ақ пайызын құрайды. Осы екі ай ішінде Қазақстан қор биржасында жасалған сауда көлемі 7,8 млрд. АҚШ долларын құрады.
Ал жалпы, 2015 жылы ҚР Ұлттық банкі валюта нарығында барлығы 17,7 млрд. АҚШ долларын сатқан.