ҚР Ұлттық банкі ұлттық валютада ашылған депозиттердің мөлшерлемесін өсіруі мүмкін

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі ұлттық валюта - теңгемен ашылған депозиттердің жылдық мөлшерлемесін өсіруі мүмкін. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті.

«Менің ұстанымым былай - жеке тұлғалардың депозиттері бойынша белгіленетін мөлшерлемелер макроэкономикалық іргелі факторларға негізделуі тиіс. Қазір негізгі фактор - ол инфляция. Ал оның көлемі дәл қазір 12,8 пайызды құрап отыр», - деді ол.

Бас банкирдің айтуынша, бүгінгі таңда теңгемен ашылған депозиттер бойынша жылдық мөлшерлемені көтеретін уақыт жетті. Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр. Алдағы бір ай ішінде нақты шешім шығарылады.

Одан басқа, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы шетелдік валютада ашылған депозиттер бойынша да жылдық мөлшерлемені арттыру мәселесі талқыланып жатқандығын жеткізді.