ҚР Ұлттық банкі жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақының ең жоғарғы мөлшерлемесін бұрынғы деңгейде сақтайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда базалық мөлшерлеменің 15 пайыздан 13 пайызға дейін төмендегеніне қарамастан, жеке тұлғалардың жаңадан ашылған депозиттері бойынша «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКҚ) ұсынған сыйақының ең жоғарғы мөлшерлемелерінің мөлшерлері ағымдағы деңгейде сақталып қалды.

Яғни, ұлттық валютадағы депозиттер бойынша мөлшерлеменің көлемі - 14 пайыз, ал шетел валютасындағы депозиттер бойынша - 2 пайыз. Бұл туралы бүгін ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары Ғалымжан Пірматов хабарлады.

Ол базалық пайыздық мөлшерлеме деңгейін төмендету туралы шешімнің 2016 жылғы 11 шілдеде айтылғанын ескертіп, бұл шараның экономикаға салынатын ақша құнының төмендеуі үшін алғышарттар жасайтындығын айтты. 

Сонымен қатар, оның айтуынша, 2016 жылғы 1 ақпаннан бастап, жеке тұлғалардың теңгелік депозиттері бойынша сыйақының ең жоғарғы мөлшерлемесін, бір мезетте жеке тұлғалардың шетел валютасындағы депозиттері бойынша сыйақының ең жоғарғы мөлшерлемесін төмендете отырып көтеру туралы шешім, өсіп жатқан инфляция жағдайында халықтың ұлттық валютадағы салымдарының тартымдылығын арттыру және сақталуын қамтамасыз ету үшін қабылданған.      

«Қабылданған шара халық салымдарының валюталық құрылымына жағымды әсер етті», - деді Ғ.Пірматов.

Мәселен, ҚР ҰБ деректері бойынша, халықтың ұлттық валютадағы салымдарының көлемі 2016 жылғы ақпан-маусымда - 61,8 пайызға ұлғайып, 2 285 млрд. теңгені құрады. Ал, шетел валютасындағы салымдардың көлемі осы кезеңде 16,7 пайызға, яғни 4 811 млрд. теңгеге дейін төмендеді. Халықтың шетел валютасындағы салымдарының үлесі 2016 жылғы қаңтардағы 80,4 пайыз болған ең жоғарғы мәннен 2016 жылғы маусымда 67,8 пайызға дейін төмендеді.   

«Теңгелік депозиттер бойынша ұсынылған мөлшерлеме ол енгізілген 2015 жылғы қыркүйектен бастап, алғаш рет базалық мөлшерлемеден асып кетті және қазіргі уақытта Ұлттық банктің өтімділік беру жөніндегі операциялары бойынша мөлшерлемемен сәйкес келеді», - деп қосты Ғ.Пірматов.

Ол сондай-ақ, экономикадағы ақша құнының төмендеуінің ағымдағы жағдайларында мөлшерлеменің ұсынылған деңгейін Ұлттық банк тартылатын депозиттер бойынша мөлшерлеменің жоғарғы шегі ретінде қарастыратынын түсіндірді.    

«Ұлттық банк банктік қызметтер нарығындағы жоғары бәсекелестік жағдайында депозиттер бойынша баға белгілеу көбіне нарықтық жағдайларда және банктің бизнес-стратегиясы, оның қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету қажеттілігі, сондай-ақ экономиканың нақты секторының ақылға қонымды құнмен кредиттік ресурстарға деген қажеттілігін қанағаттандыруы ескеріле отырып қалыптасады деп күтеді. Ұлттық банктің ақша нарығында жүргізіп отырған пайыз саясатына және базалық мөлшерлеменің деңгейіне қарамастан, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақының ең жоғарғы мөлшерлемесінің деңгейін өзгерту болашақта да болжанып отырған жоқ», - деп қорытындылады Ғ.Пірматов.