ҚР Ұлттық банкінің қызметкерлеріне үстінен мұздай суық су құю ұсынысы жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ) қызметкерлері ҚР Ұлттық банкіндегі әріптестеріне үстінен мұздай суық су құю акциясына қатысуға шақырды.

Аталған қордың қызметкерлері Ice Bucket Сhelleng-тің әлемдің қайырымдылық акциясына қатысудың бұл эстафетасын Банк ЦентрКредит қызметкерлерінен алған. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиналған қаржы Алматы қаласы Бостандық ауданындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көмек ретінде бағытталмақ.

«Бұл эстафетаны БЖЗҚ қызметкерлері ҚР Ұлттық Банкіне, сақтандыру бойынша «Номад Life» компаниясына және Халық банкінің сақтандыру бағытындағы еншілес компаниясына тапсырды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, ALS Ice Bucket Challenge флеш-мобын бүйірлік амиотрофиктік склерозбен күрес жөніндегі қайырымдылық қоры ұйымдастырған. Акция мақсаты - мидың қозғалу орталықтарын зақымдап, адамды сал ететін аталмыш ауруға қоғам назарын аударту.

Осыған дейін флеш-мобқа атақты футболшылар Криштиану Роналду, Неймар, Лионель Месси, әнші Джастин Тимберлэйк, актерлер Вин Дизель, Бенедикт Камбербэтч, Toyota корпорациясының басшысы Тойода қатысқан.