Ұлттық Банкте түсіндіргендей, халықаралық резервтердің негізгі өсімі Үкіметтің Ұлттық Банктегі шоттарына валюталардың түсуі, алтындағы активтерді қайта бағалау, сондай-ақ банктердің шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарындағы қалдықтардың ұлғаюы есебінен болып отыр.
«Бекітілген графикке сәйкес, банктермен валюталық-пайыздық своп операциялары өтелді. Ұлттық қордың активтерін толықтыру және Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету операциялары жүргізілді», - делінген қаржы реттеушісінің ресми хабарында.
Онда Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (жедел деректер бойынша 65 748,5 млн. доллар) қоса алғанда, тұтастай алғанда елдің халықаралық резервтері бір айда 2,3%-ға өсіп, 96 242,8 млн. долларды құрағандығы атап өтілген.
ҚР ҰБ деректері бойынша, ақша базасы 2016 жылғы маусымда 8,9 пайызға немесе 399,0 млрд. теңгеге кеңейді. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 4,3 пайызға кеңейді (жыл басынан бері 8,2%-ға тарылу). 2016 жылғы маусымда ақша массасы 18 398,9 млрд. теңгеге дейін 2,3%-ға (жыл басынан бері 6,9%-ға өсті), айналыстағы қолма-қол ақша 1 582,3 млрд. теңгеге дейін 6,5%-ға (жыл басынан бері 27,9%-ға), банк жүйесіндегі депозиттер көлемі 16 816,6 млрд. теңгеге дейін 1,9%-ға (жыл басынан бері 5,3%-ға өсті) ұлғайды. Ақша массасының құрылымында депозиттердің үлесі 2016 жылғы мамырдағы 91,7%-дан 2016 жылғы маусымда 91,4%-ға дейін аздап қысқарды (2015 жылғы желтоқсанда - 92,8%), деп хабарланады ақпар хатта.