ҚР Ұлттық экономика министрлігі Қазақстандағы баспана құнының жоғары болуы себептерін атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанда баспана бағасының жоғары болуының себептерін айтып берді.

«Елімізде баспана құнының жоғары болуының негізгі себебі отандық құрылыс компанияларында өзіндік жеке капиталының қажетті көлемде болмауына байланысты», - делінген министрліктің «ҚазАқпарат» ХАА-ның ресми сауалына берген жауабында.

Көптеген құрылыс компаниялары жеке қаржылық жағдайын ары қарай нығайту мақсатында тұрғын үй құрылысы үшін банктер займдарын тартады. Осыған байланысты олар салатын үйлердің өзіндік құнына аталған несиелердің де төлемі енеді. Өз кезегінде бұл баспананың соңғы саудаланатын құнын арттырады.

Сонымен қатар 2011-2013 жылдары құрылыс құнының негізгі өсіміне энергия тиімділікті қолдану, жалақының өсімі, құрылыс материалдары бағасының артуы, машиналар мен механизмдерді пайдалану әсер етті.

Отандық құрылыс компаниялары өздерінің дамуына мүмкіндік беретін, сондай-ақ жоғары баға салдарынан баспана сатылымының төмендеуіне әсер етпейтіндей көлемдегі тұрғын үй құнын өздері айқындайды.

Министрліктегілер коммерциялық баспана нарығы өзге нарықтар секілді бәсекелестік ортада дамуы керектігін атап өтуде.