Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан ҚР Ұлттық ғылым академиясының кезекті жалпы жиналысында айтылды.
ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновтың айтуынша, осындай кең көлемдегі сайлаудың өтпеуіне оның 1996 жылдан кейін өз атауын 3 рет өзгертуі түрткі болған. Елбасы 2011 жылы 1 желтоқсанда өткен Қазақстан ғалымдарының форумындағы сөйлеген сөзінде ғалымдар қатарын жаңа кадрлармен толықтырып, тың шешімдер қабылдауға міндеттеді. ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелігіне өтуге үміткерлерден сараптамадан өткен 76 өтініш қабылданды.
Академик М. Жұрыновтың сөзіне қарағанда, ғылымның ірі салалары бойынша ҚР ҰҒА 6 бөлімшелерінде ҰҒА корреспондент-мүшелігіне кандидаттарды сайлау өтті. Физика, математика, информатика бөлімшесі бойынша 8 орынға 11 үміткердің алтауы, академиктерден 3/2-ден артық дауыс алып сайланды. 7 орынға Химия және технологиялар бөлімшелерінде 12 үміткердің жетеуі, Жер туралы ғылымдар бөлімшесінде 7 үміткердің төртеуі, Аграрлық ғылымдар бөлімшесінде 8 үміткердің алтауы, Биология және медицина бөлімшесінде 10 үміткердің төртеуі көпшілік дауысын иеленді. Ал Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімшесі бойынша 10 орынға 7 бос орын қосылып, 28 үміткердің 17-сі сайланды. Жалпы байқау жарияланған 46 орынға 44 үміткер-кандидаттар сайланды, ал 2 орын бос қалды. Енді бүгін дауыс беру арқылы кандидаттар мүше-корреспондент боп қабылданбақ.