ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің І отырысы өтеді

АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат - Ертең Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтеді, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес ҚР ҰКП консультативті-кеңесуші органы, кәсіпкерлік субъектілерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бойынша тиімді және жүйелі шешімдер қабылдау және бизнесті дамытудағы күрделі мәселелерді көпшілік алдында айқындау мақсатында осы жылдың қараша айында құрылған.

Кеңес Төрағасы Ғани Қасымов - Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ҚР Парламент Сенатындағы өкілі. Кеңес құрамы Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, Бас прокуратура, Әділет министрлігі, Қаржы полициясы, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік құрылымдарының басшыларынан, сондай-ақ ғалым-құқықтанушылар, адвокаттық іс, бизнес-қоғамдастық және БАҚ өкілдерінен құралған.

Кеңестің бірінші отырысы жалпы мәселелерді қарастырудан бастайды, атап айтқанда: Кеңес құрамы мен жұмыс регламентімен таныстыру, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексі және Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясы жобасын талқылау.

Кеңес отырысының күн тәртібіне ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделері мен құқықтарына қысым жасалумен байланысты нақты оқиғалар келтірілген баяндамаларын тыңдау қойылған. Палата сарапшылары бизнесмендердің хаттарымен алдын ала танысып, аталған мәселелер бойынша заңды қолдау көрсету шараларын қабылдаған.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚПК және ҚК жобасына қатысты, сондай-ақ бизнес өкілдерінің хаттары бойынша Кеңес ұсыныстар жасап, ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдарға жіберетін болады.