ҚР Ұлттық кітапханасы халықаралық кітапхана кеңістігіне белсенді ықпалдасуда

АЛМАТЫ. 14 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Интеллектуалдық меншік ақпараттарымен бөлісу, әлемдегі барлық ресурстарына ену мүмкіндігін беру - ұйымның негізгі мақсаты.

Бұл туралы ОСLС-дің (Онлайн компьютерлік кітапханалық орталығы) атқарушы директоры Рейн ван Чарлдорп бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен ақпараттық семинарда айтты.

ОСLС- коммерциялық емес ұйым. 1967 жылы АҚШ-да құрылды.

Рейн ван Чарлдорптың айтуынша, соңғы 20 жылда компания барлық елге ашық, жаһандық ұйымға айналған. «Осы жылдар аралығында біз өз қызметімізбен Орталық Еуропа, Африка, жақын Шығыс елдерін таныстырдық, енді Орталық Азия елдеріне шығудамыз. Ол дегеніміз, енді Қазақстан да әлемдік ресурстарға ену мүмкінідігін алады деген сөз»,-деді ол.

ҚР Ұлттық кітапхана директорының бірінші орынбасары Гулиса Балабекованың айтуынша, «Онлайн компьютерлік кітапханалық орталығының» өкілдері кітапханалар мен ақпараттық орталықтардың мамандарына өз қызметтерімен, оның ішіндегі ең ірі онлайн библиографиялық ресурстарымен таныстырып үлгерген. «Біздің кітапханашылар үшін бұл жаңа сервис түрімен танысуға үлкен мүмкіндік»,-деп атап өтті ол. Оның айтуынша, халықаралық кітапхана кеңістігіне ықпалдастық - Ұлттық кітапхана дамуындағы басымдықтардың бірі болып табылады. «Бүгінде «Онлайн компьютерлік кітапханалық орталығымен» ынтымақтасу мүмкіндігі шындыққа айналды. Қазірдің өзінен біз өз ресурстарымызды «Марк» халықаралық стандарты бойынша қалыптастырудамыз. Ол ұйыммен ынтымақтасуға қызығушылығымыз зор»,-деді Г. Балабекова.

Семинарға еліміздегі кітапханалар мен ақпараттық орталықтардың мамандары қатысты.