ҚР Ұлттық кітапханасында Елбасы туралы 33 мыңға жуық материал бар

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының базасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атауымен 33 мыңға жуық материал бар, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

ҚР Ұлттық кітапханасында «Елбасы» тақырыбымен жұмыс істеп тұрған тұрақты көрме бар. Кітапхана қызметкерлері көрмеде 3000 астам кітап тұрғанын айтты.  

«Тұрақты көрме жаңа түскен басылым материалдарымен толықтырылып отырады. Қазіргі уақытта көрмеде 3000-нан астам кітап тұр. Ал жалпы кітапхана базасында Елбасы туралы 32 483 материал бар. Оның ішінде, Нұрсұлтан Назарбаевтың өз кітаптары, Президент туралы жазылған кітап, мақалалар мен ғылыми диссертациялар, авторефераттарды айтуға болады», - деді кітапхананың Мәдени және көрмелер қызметінің жетекшісі Жанар Алпысбайқызы.
 

«Елбасы» көрмесі бірнеше тақырыптан тұрады. Онда «Елбасы өмірі», «Елбасы қызметтері», «Елбасы еңбегі»,  «Елбасы еңбектері шет тілдерінде», «Елбасы жолдаулары» және Президент туралы кітаптардан құралған «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» тақырыптары бойынша кітаптар қойылған. Әр тақырыпқа байланысты жеке-жеке бөлім бар. Мысалы, «Елбасы өмірі» бөлімінде Президенттің оқушы кезінде жазып, «Коммунизм үшін» газетінде жарық көрген «Алыстағы қытайлық досыма» атты хаты оқырман назарына ұсынылған. Хат аталған басылымның 1958 жылғы 16 наурызындағы №30-ші санында жарық көрген. Онда болашақ Қазақстан басшысы коммунистік Қытайдан жолдаған жас комсомолдың достық қолын созған хатына жауап берген.
 

Елбасы хатында болашақ арманымен бөлісіп, өзінің 10-сыныпта оқитынын айтқан. 

«Мен Алматы облысы Қаскелең ауданы, Қаскелең селосының Абай атындағы орта мектебінде 10-сыныпта оқимын. 1-кластан бастап бүгінге дейін жақсы оқып келемін. 1956 жылдан бері комсомол қатарындамын», - деп жазған Елбасы.

Кітапхана қызметкерлері Нұрсұлтан Назарбаев базасы үнемі жаңарып тұратынын және «Елбасы» көрмесінің ауқымы алдағы уақытта ұлғаятынын айтты.