ҚР Ұлттық мұрағатының құжаттарды сақтау мүмкіндігі 1 миллион бірлікті құрайды

АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатында ұйымның ведомстволық мұрағатында барлық тасымалдау түрлеріндегі құжаттарды есепке алу,

 сақтау және оларды мемлекеттік сақтауға беру мәселелеріне арналған республикалық тәжірибелік семинар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Басқосудағы мақсат - Ұлттық мұрағатты жинақтауға байланысты әдістемелік көмек көрсету және осы орайда кездесіп отырған проблемаларды ортаға салу. Аталмыш кеңеске мемлекеттік органдар мұрағаттарының  іс жүргізуді ұйымдастыруға жауапты қызметкерлері қатысты. 

«Ұлттық мұрағаттың құрылып, өз қызметін бастағанына таяу арада 3 жыл толады. Осы уақыт аралығында біз мұрағаттың ішкі жұмыстарын ретке келтірдік. Біраз табыстарға да қол жеткіздік, кемшіліктер де бар, шарттарымыздың орындалмай қалатын кездері де болады», дейді Ұлттық мұрағаттың бас директоры Ырысты Сариева.

Ұлттық мұрағат бас директорының орынбасары Тұрсынгүл Құсайынованың айтуына қарағанда, мекеме осы уақыт аралығында мемлекеттік сақтауға  басқару құжаттарының - 74, жеке сипаттағы құжаттардың - 4, ғылыми-техникалық құжаттардың - 1 қорын алған. Қазір мұндағы жалпы құжаттардың саны 59082 бірлікті құрайды.  Жалпы мұрағаттың құжаттарды сақтау мүмкіндігі 1 миллион бірлікке жетеді.

«Қазіргі уақытта  төлқұжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл шара ведомствоның сақтауындағы құжаттарды есепке алу үшін қажет», дейді Т.Құсайынова.