«Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен 2015 жылғы 21 ақпаннан бастап, «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі» РМКК-нің ақылы қызмет түрлерін көрсету ережелері бекітілді», - делінген музейдің баспасөз қызметі хабарламасында.
21 ақпаннан бастап музейге дербес кіру ересектер үшін - 500 теңге, студенттерге - 300 теңге, мектеп оқушыларына 200 теңге болады. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге, мектеп жасына дейінгі балаларға, жетім балаларға, көп балалы аналарға музейге кіру - тегін. Экскурсия өткізуге билеттер 1 мың теңгеден басталады.
45 минуттік 20 адамға арналған қазақ және орыс тілдеріндегі топтық экскурсия 1 мың теңге, шетел тілінде - 2 мың теңге тұрады. Мектеп оқушылары мен балаларға, соғыс ардагерлеріне, мүгедектерге, мектеп жасына дейінгі балаларға, жетім балаларға, көп балалы аналарға экскурсиялар - тегін.
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі - Орталық Азиядағы ең ірі және ең жас музей, ол әлемнің ірі музейлерінің ондығына кіреді. Музей Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2014 жылғы 2 шілдеде ашылды. Музей ашылғаннан бері барлық келушілер үшін тегін жұмыс жасады. ҚР Ұлттық музейінде 8 айдағы жұмысы кезінде 140 мыңға тарта адам болды.