«Сәулеттік ауқымы бойынша жаңа музейдің ғимараты ресейлік Эрмитаж, француздық Лувр және америкалық «Метрополитен» музейімен қатар әлемнің ірі экспозицияларының ондығына еніп отыр. Алайда бізге оның ішін жәдігерлермен толықтырып, осы биіктерге қол жеткізуіміз керек. Бұл үлкен мақсат», - деді Президент.
Жалпы ауданы 74 мың шаршы метрден асатын Ұлттық музейге Қазақстанның ерте ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі археологиялық, этнографиялық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштері жинақталған. Атап айтқанда, 14 мың шаршы метр аумақта экспозициялар алаңы орналасқан. Осы орайда Елбасы экспозицияларды құру кезінде осы саладағы алдыңғы қатарлы әдіснамалар мен Италия, Жапония, Ресей және Оңтүстік Кореяда қолданылатын жаңа технологиялар пайдаланылғанын атап өтті.
«Бұл жобаны жүзеге асырған сәулетшілер мен құрылысшыларға ерекше алғысымды білдіргім келеді», - деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жұмыстары басталған музейдің ұжымына өз құттықтауын жеткізді.