ҚР Ұлттық музейінде Эрмитаж орталығы ашылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Эрмитаж күндері басталғанын хабарлаған едік. Эрмитаждың Бас директоры Михаил Пиотровскийге Музейді аралатып көрсеткен ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының хабарлауынша, осы ынтымақтастықтың жалғасы ретінде Ұлттық музейде Эрмитаж орталығын ашу жоспарланып отыр.

Арыстанбек Мұхамедиұлы мəлім еткендей, Михаил Пиотровский Эрмитаж күндерін өткізу туралы келіссөздер кезінде Астанаға дəл бүгін - Тұңғыш Президент күні сапарлатқысы келетінін айтқан екен. «Алдын ала уағдаластықтар кезінде ол (М.Пиотровский - агенттік) Тұңғыш Президент күніне орай келгісі келетінін айтты. Бүгін ол Елбасымен кездеседі»,-деп хабарлады министр.

Ал «Эрмитаж күндерінің мақсаты мен нəтижесі қандай болмақ?» деген сауалға жауап бере келе министр Ұлттық музейдің халықаралық дəрежедегі орны ерекше болу керек дегенді айтты.

«Ұлттық музейдің халықаралық дəрежеде өз орны болу керек. Михаил Пиотровский реставрация, музейфикация сияқты сирек кездесетін мамандарды ертіп келді. Біздің мақсатымыз - Эрмитажбен тығыз қарым-қатынас орнату. Мысалы, келесі жылы Қазақстанда Эрмитаждың бірнеше көрмесін өткізуіміз керек. Себебі, Эрмитажда Сақ мəдениетіне байланысты көптеген жəдігерлер, Ақсақ Темірдің тасқа жазған жазбалары сияқты көптеген жəдігерлер бар. Сонымен қатар, Қазақстан музейлеріндегі де сирек кездесетін жəдігерлерді Эрмитажға қоюымыз керек. Сондықтан, осы Эрмитаж күндерінің маңызы зор»,-деді Мəдениет жəне спорт министрі А.Мұхамедиұлы.

«Михаил Пиотровский зерттеуші ғалым. Ғалым болғанда да мұсылман мəдениетін зерттеген үлкен ғалым. Жасыратыны жоқ, Эрмитаж күндері өтеді дегенде, ғалымнан біраз еңбегін ала келуді сұраған едік. Сол өтінішіміз бойынша ол кісі 23 кітабын алып келді. Менің айтайын дегенім, бұл жоба - алғашқы қадам. Эрмитаж - халықаралық қарым-қатынасын нығайтқан музей, яғни, бірқатар елдерде өз өкілдігін ашқан. Сондықтан, біздің де мақсатымыз - Ұлттық музейде Эрмитаж орталығын ашу. Бұл оңай жұмыс емес. Сондықтан, бүгінгі келіссөздер нəтижесінде орталықтың қашан ашылатыны туралы уағдаласа жатармыз»,-дейді министр.