ҚР Ұлттық музейіне Эрмитаждың көне қару-жарақ қоры әкелінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің ордасы Астана қаласында өтіп жатқан халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Шығыс және Батыс: мемлекеттік Эрмитаж қорынан көне қару-жарақ» атты көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Көрменің мақсаты - Эрмитаж қорындағы қару-жарақ шеберлігінің жауһарымен таныстыру. Көрмеге келушілер қару-жарақ істерінің кұпияларымен танысуға, сондай-ақ, Батыс пен Шығыста өнердің дамуы мен тарихы, қару-жарақ түрлері, оның өндіріс орталықтары туралы танымдық білім қорын молайтуға және атақты қару-жарақ шеберлері туралы мейлінше толық ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, Эрмитаж - Ресейде орналасқан дүние жүзіндегі ең ірі көркемсурет пен тарихи-мәдени мұражай. Ол 1764 жылы Санкт-Петербург қаласында ІІ Екатеринаның жеке қоры негізінде ұйымдастырылған болатын. 20 ғасырдың 20 - 30-жылдары мұражай қайта жинақталып, ондағы экспонат саны арта түсті. Эрмитажда алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі және ежелгі шығыс, көне, орта ғасыр өнері ескерткіштері молынан жинақталған.

Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыс күні бүгінге дейін қаймағы бұзылмай келеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Шығыс және Батыс: мемлекеттік Эрмитаж қорынан көне қару-жарақ» атты көрмесі осы екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың, бір-біріне деген сенімнің көрінісі.

Аталмыш көрмеде 70-ке жуық қару-жарақ өнерінің туындылары қойылған. Олардың ішінде Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания  және тағы басқа елдердің соғыс, аңшылық және салтанатты қарулары бар.

Шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіқалықова, Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, ҚР Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус өкілдері, ЭКСПО-2017 көрмесінің шетелдік қонақтары мен ғылыми интелегенция қатысты.

Көрменің ашылуына қатысқан, Ресей Федерациясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі М. Бочарниковтің сөзіне сүйінсек, Ресейдің мәдени астанасы Санкт-Петербург қаласы мен Астана қаласының арасында ұқсастықтар өте көп. Мысалы, Санкт-Петербург елдің астанасы болу үшін мемлекет басшысының арнайы тапсырысымен салынған. Астана да солай. Екі қала да өзеннің бойында орналасқан. Және ең бастысы екі қалада да екі мемлекеттің ең үздік музейлері орналасқан.

Көрменің хронологиялық шеңбері қару-жарақ қолөнерінің ауқымды тарихи кезеңін, нақтырақ айтсақ 400 жылдан астам уақытты қамтиды. Бұнда XV ғасырда қолданылған қару-жарақтан бастап, XIX ғасырдың соңына дейінгі аралықта пайда болған қару -жарақ нұсқалары қойылған.

Естеріңізге сала кетейік, алғаш рет қару-жарақ аңшылықта қолданылатын және қорғану мен шабуыл құралы ретінде пайдаланылған болатын. Тек кейін ғана ол қарулы соғыс жүргізу құралына айналған.

Көрме экспонаттары қару-жарақ шеберлерінің сәндік-қолданбалы өнердің дамуына қосқан үлесіне баға беруге, сол сияқты қару-жарақтың үздік үлгілері арқылы олардың іскерлігі мен сұлулығының үйлесу жарасымдылығын көрсетеді. Қару-жарақ зерінде техникалық жабдықтарының дамуы мен жоғары мәдени деңгейі музейге келушілерді таң қалдырады. Көрсетілген бұйымдар өзінің практикалық маңыздылығын жоғалтып алса да, оларды безендірудің жоғары мәдени деңгейі қару-жарақтың тарихы мен дамуы және бұрынғы қару-жарақ ұсталарының таланты мен шеберлігі туралы айтып береді.

«Шығыс және Батыс: мемлекеттік Эрмитаж қорынан көне қару-жарақ» атты көрме 20 қыркүйекке дейін жалғасады.