ҚР Ұлттық музейінің экспонаттарына шетелдіктер зор қызығушылық танытып отыр
«Ұлттық музейге ашылғалы көп уақыт өтпесе де, бізге 160 мыңнан астам адам келіп, оның 10 мыңнан астамы шетелдіктер. Бұл тұрғыда музейге деген үлкен қызығушылықты байқап отырмыз»,-деді ол.
Осы орайда Д. Мыңбай көшпелі көрмелер жаңа трендке айналғанын айта келе, бұл тұрғыда барша әлемнен жаңа экспозициялар алынып, авторлар шақырылатындығын, сондай-ақ Қазақстанның мәдени мұрасын бүкіл әлемге таныту үшін Ұлттық музей де шетелге шығатындығын атап өтті.
«Бүгінде Ұлттық музейде 170 мыңнан астам экспонат жиналды. Оған қоса біз тағы да «Ұлттық музейге сый тарту» деген акцияны ұйымдастырғанбыз. Оның барысында К.Әзірбаевтың, Ж.Нәжімеденовтің, Ш.Қалдаяқовтың, Кеңес Одағының Батыры Қ.Қайсеновтың және басқа да үлкен азаматтардың жеке заттары да музейге сыйға берілді. Бұл тұрғыда осы құнды заттарды сақтауға барлық жағдайлар жасалған»,- деді Д. Мыңбай.
Оның сөзіне қарағанда, музейдің негізгі мақсаты экспонаттарды көрсету ғана емес, сонымен қатар ғылыми жұмыстарды жалғастыруға, ғылыми көзқараспен сараптауға, төл мәдениетіміз бен мұрамызды бүкіл әлемге көрсетуге бағытталған. «Музейге келген адам қазақтың, қазақстандықтардың кім екенін танып шығуы керек. Сондықтан да бүгінгі жетістігімізді немесе алдағы жоспарымыздың барлығын Елбасының тапсырмасымен байланыстырамыз» ,-деді ол.
Сөз соңында Д. Мыңбай Халықаралық музейлер күні аясында 18 мамырда Ұлттық музейде «Музей түні» акциясы өтетіндігін жеткізді. Сол күні онда тақырыптық экскурсиялар ұйымдастырылады және қала тұрғындары жаңа экспонаттармен танысу мүмкіндігіне ие болады.