Елордалық балықшылар тобы күтпеген ұсыныс жасады - Қазақстанда балық аулауға 15 жылға мораторий жариялау қажет, дейді олар.
Қазақстанда балық аулау маусымы күшіне енді, алайда барлығы бірдей белсенді демалыстың осы түрінің дәмін тата алмай отыр. Ақмола облысының халық тығыз орналасқан аудандарында балық қалған жоқ деуге болады. «Қазақстанда жыл бойы балық аулауға мораторий жариялау қажет, - деп санайды балықшы Сәкен Ақбасов. - Қазір бірқатар су көздерінде - Жалаңашкөлде, Іле өзені мен Қапшағайда өнеркәсіптік балық аулауға тыйым салынған. Ақмола облысына қатысты айтар болсақ, жиырма жыл бұрын балықты пұттап аулауға болатын еді. Ал қазір күні бойы отырғанда бір-екі мөңке балықты қармаққа шақ іліктіресің».
Адамдар балықты жойдасыз аулаудың неше түрін тауыпты. Енді нағыз тағылық аулау түрі - балықты электр қармақпен қырып салу пайда болыпты, деп жазады басылым.
«Егер біз тұқы мен шортанды аяусыз құртатын болсақ, Еуропа мен Солтүстік Американың өзендеріндегідей табиғи апатқа ұшыраймыз, - дейді Сәкен Ақбасов әңгімесін жалғап. - Сондықтан табиғат қорғау қызметінің жұмысын күшейту қажет. Әйтпесе, балық уылдырық шашып жатқан кезде аулап, оңай олжа іздейтіндер де табылады. Ал содан кейін, бүкіл балық қайда кеткен, деп таңғалады?!»
Сөз орайында айта кететін болсақ, Торғай және Жезқазған далаларындағы өзендерде балық өте көп. Екі шелектей балық аулауға бір сағат та жетеді. Өйткені бұл жерлерде ел қалған жоқ.
Балыққа қырғындай тию ғасырдың басында басталды. Жыл сайын 100 млн. тоннадан астам балық ауланады. Бұл балықтың табиғи өсіп-өнуінен анағұрлым көп. Қазірдің өзінде экологтар үшін түсінікті, болашақта балықтың өнеркәсіптік өндірісі арнайы фермаларда жүргізілуі тиіс. Мәселен, Қытайда, осындай фермалардың есебінен халықтың балыққа деген қажеттігінің 80 пайызын қамтамасыз етіп отыр.