ҚР-ында циклонның ықпалымен кей жерлерде жаңбыр жауады, найзағай ойнайды, жел күшейеді - 11 сәуірге ауа райы болжамы

АСТАНА. 10 сәуір. ҚазАқпарат - 11 сәуірде ҚР-ның батыс және солтүстік аймақтарында циклонның және атмосфералық ағындардың ықпалымен кей жерлерде аздап жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді.

Республиканың қалған бөлігінде күн ашық болады, кей жерлерде ғана ұйтқыған жел тұрып, солтүстікте тұман түсуі мүмкін, деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі Қазгидрометке сілтеме жасап.

Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында кей жерлерде желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді, Ақтөбе, күндіз Маңғыстау облыстарында кей жерлерде найзағай ойнайды.

Қостанайда, түнде Солтүстік Қазақстан, күндіз Ақмола, Қарағанды облыстарында - кей жерлерде секундына 15-20 метр екпінмен жел соғады, Солтүстік Қазақстанда кей жерлерде - тұман түседі.

Алматы облысының Жалаңашкөл ауданында желдің күші секундына 17-22 метрге жетеді.

Таяудағы тәуліктерде Жайық өзенінде, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының өзендерінде (Есіл, Жабай, Тобыл, Аят, Желқуар және т.б.) көктемгі су тасуы жалғасады, судың деңгейі көтеріледі.

Шығыс Қазақстан облысының көптеген өзендерінде және Алматы облысының кейбір тау беткейлеріндегі өзендерінде су деңгейі көтеріледі. Ертістің Семиярское аулынан төмен бөлігінде мұз бұзылып, кептелістер болуы, су деңгейінің көтерілуі байқалады.