ҚР заңнамасында қаржылық пирамида түсінігі жоқ, бірақ Қаржы полициясы еліміздің ҚК 177-ші бабы бойынша жауапкершілікке тарта алады

АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Еліміздің заңнамасында қаржылық пирамида түсінігі белгіленбеген, дегенмен Қаржы полициясы ҚР Қылмыстық кодексінің 177-ші бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарта алады.

 Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Оның атап өтуінше, соңғы үш жылда ҚР-ның құқық қорғау органдары 17 қаржылық пирамиданың қызметіне тоқтау салған. Олардың іс-әрекеттерінің салдарынан 5 мыңға жуық азаматқа айтарлықтай шығын келтірілген.

«МММ-2011-ге келер болсақ, біз басында-ақ оның қаржылық пирамида және оның күйреуі ақшалай қаражат салған азаматтарға айтарлықтай залал келтіретіндігін алдын ала ескерткенбіз. Алайда ҚР заңнамасында қаржылық пирамида түсінігі белгіленбеген және оның қызметіне тікелей тыйым салынбаған. Аталған ұйымдардың қызметін біз ҚР ҚК 177-ші, яғни «алаяқтық» бабымен саралап, қылмыстық жауапкершілікке тарта аламыз», - деді ол.

Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, аталған ұйымды жауапкершілікке тарту үшін азаматтардан залал келтірілгендігі турасында шағым арыз түсуі керек. Бірақ бүгінгі күні қандай да бір залал келтіргендігі турасында шағым айтып, қаржы полициясы органдарына жүгінген азамат жоқ. «Сол себепті аталған ұйымның басшыларын не болмаса қатысушыларын қылмыстық жауапкершілікке тартуға құқықтық негіз жоқ», - деді М.Жұманбай.