ҚР Жазушылар одағының мерейтойы қазақтың мәңгі ел болуының басты нышаны - Нұрлан Оразалин (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 80 жыл толуына орай салтанатты шара өтті.

Салтанатты шарада Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Олжас Сүлейменов, КСРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, Қазақстан Ғылым академиясының президенті, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұрат Жұрынов сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин қазақ қаламгерлерінің басын біріктіріп отырған үлкен институт жайлы өз пікірін білдірді.

«Азаттыққа қол жеткен алғашқы күннен бастап, әлемдік интеграцияға еркін араласып, өз шындығын өзі дәлелдеп, өз ақиқатын анықтап берер қазақ елінің қазіргі таңдағы құрандай көріп әспеттеген ұраны жалғыз, ол - тәуелсіздік. Ел Президенті Ұлытау төрінде сұхбат бергенде еліміздің ең жоғары жетістігі - тәуелсіздік деп бекер айтпаған. Тәуелсіздік қандай қымбат болса, сөз де сондай қымбат. Қабырғалы халқымыз сөзге тоқтап, ұлтаралық қатынасты да сөзбен реттеуге дағдыланған ел. Сол өнердің көзіндей болған жазушылар одағына биыл 80 жыл толып отыр. Бүгінгі мереке Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүзеге асырыла бастаған мәңгілік ел болудың басты нышаны болып отырған тіл тойы», - деді Н.Оразалин.

Халық қалаулысы адамзаттың жазушысы Шыңғыс Айтматовтың Жазушылар одағына қатысты айтқан сөзін келтіре кетті.

«20 ғасырдың жаршысындай болған Айтматов Қазақстан Жазушылар одағын заманның жойқын сынына төтеп беріп, жер сілкінісінен аман қалған Алатаудың шыңына балаған. Қазақ жазушылары, қолына қалам ұстаған қаламгер қауымы да уақыт көшімен буыны бекіп, бұлшық еті шыңдалды. Еліміздің рухани өмірінің қара шаңырағына айналды. Қазақ қаламгерлері қазақ пен ғалам алдындағы адал міндеттерін адал атқару үстінде, олар қазақтың бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету жолында әрдайым алдыңғы лектен көрініп келеді», - деді Н.Оразалин.