ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі төрағасының жаңа орынбасары тағайындалды

АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің биылғы 14 тамыздағы өкімімен Бауыржан Әміржанұлы Смағұлов ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі  агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл жайында аталған агенттіктің сайты жариялады.

 Б. Смағұлов 1963 жылдың 11 тамызында Қарағанды қаласында дүниеге келген. Білімі - жоғары. Атап айтқанда, ол Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын, Қарағанды экономикалық университетін, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін және РФ Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет Ресей академиясын тәмамдаған. Тіршілік әрекеті және қоршаған ортаны қорғау бакалавры, сондай-ақ техника ғылымдарының кандидаты.

Қызметтік жолын 1986 жылы бастаған. 2005 жылдан бастап Қарағанды облысының қоршаған ортаны қорғау басқармасы бастығы болып қызмет атқарды. 2008 жылы Нұра-Сарысу  экология  департаментінің бастығы болған. Ал 2010 жылы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол 5 ғылыми мақаланың авторы.