ҚР Жоғарғы Бас қолбасшысы кубогына жекпе-жек сайыстан ашық турнир өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 12-13 қараша аралығында алғаш рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Дәулет» спорт кешенінде ерлер арасында жекпе-жектен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Бас қолбасшысының кубогына I республикалық ашық турнирі өтеді.

Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылатын жарысқа республиканың әр өңірінен және күштік құрылымдардан жасақталған 55, 60, 65, 70, 75, 80, 85, 90 және 90 келіден жоғары 9 түрлі салмақ дәрежесінде 25 команда сынға түсіп, мықтыларды анықтайтын болады. Аталған дүбірлі доданы ұйымдастыруға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті және «Жекпе-жек сайыстан бүкілқазақстандық қауымдастығы» ұйытқы болып отыр.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі 12 қараша күні елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Доданың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Үкімет өкілдері, күштік құрылым органдарының бірінші басшылары мен Парламент депутаттары, спорт комитеттерінің жетекшілері, сондай-ақ жекпе-жек түрлерінен республикалық спорт ұйымдарының өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары шақырылды.

13 қараша күні әр түрлі салмақ дәрежесі бойынша және командалық және жеке көрсеткіштер бойынша жеңімпаздары марапаттау рәсімі өтеді.