ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы болып А.Рахметулин тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Абай Рахметулин Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметінен.

Рахметулин Абай Жамбылұлы 1965 жылы Ресей Федерациясының Омбы облысында дүниеге келген.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген соң еңбек жолын Көкшетау қалалық заң кеңесінің адвокаты болып бастады. 1992-1993 жылдары Көкшетау қалалық халық сотының әкімшілік және атқару өндірісі жөніндегі судьясы, халық судьясы болып қызмет атқарды.

1993-2004 жылдар аралығында Көкшетау қалалық халық соты төрағасының орынбасары, Көкшетау қалалық сотының төрағасы, Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы (2004-2007 жж.), Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы (2007-2012 жж.) болып жұмыс істеді.

2012 жылдың наурызы мен 2015 жылдың наурызы аралығында Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметін атқарды.

Бірінші сыныпты судья дәрежесіне ие. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен марапатталған. Бірқатар ғылыми-тәжірибелік жарияланымдардың авторы.