Кір жуғыш машинаны жылыжайға айналдырған: ШҚО-да есірткі сақтан тұрғын ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында полицейлер есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегін анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Polisia.kz

Заңсыз есірткі айналымына қарсы бағытталған «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Таврическое ауылындағы жеке тұрғын үйден есірткі плантациясы табылды.

Тергеу мәліметінше, 41 жастағы ауыл тұрғыны интернет арқылы сора тұқымдарын сатып алып, оларды өсірумен айналысқан. Есірткі өсімдіктерін күтіп-баптау үшін ол ескі кір жуғыш машинаны қолдан жасап, шағын жылыжай ретінде пайдаланған.

Тінту барысында Шығыс Қазақстан облысы пролиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Ұлан аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері 34 түп сора өсімдігін, есірткі тұтынуға арналған құрылғыны, сондай-ақ гараждан кептірілген есірткі затының ірі көлемін тәркіледі.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген өсімдіктердің барлығы сора (каннабис) болып шыққан. Оның жасыл күйіндегі жалпы салмағы 50,94 грамм, ал кептірілген марихуананың салмағы 16 келі болды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Ведомство мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

Бұған дейін Тәжікстан–Ауғанстан шекарасында 1,5 тоннадан астам есірткі тәркіленгені туралы жазған болатынбыз.