Краков орталығында оқ атқан 24 жастағы ер адам ауруханада қайтыс болды

АСТАНА. KAZINFORM — Польша полициясы Краков қаласының орталығында оқ атқан 24 жастағы ер адамның қайтыс болғанын хабарлады, деп жазады Kazinform BBC-ге сілтеме жасап.

Фото: PAP/Art Service

7 қарашада Польша азаматы, болжам бойынша, әсіре оңшыл идеологияның ықпалында болған ер адам Краковтың орталық алаңында оқ жаудырған. Атыстан алты адам — екі ер адам мен төрт әйел қаза тапты. Тағы 16 адам жараланды. Олардың арасында Аустрия, Германия, Португалия, Ресей және Ұлыбритания азаматтары бар.

Полиция шабуылдаушыға қарсы оқ атып, оны ұстады. Кейін оның үйінен үш адамның — ата-анасы мен әпкесінің мәйіті табылды. Елде екі күндік аза тұту жарияланды.

Польша Әділет министрі Вальдемар Журек тергеумен «терроризм қылмыстарына» маманданған бөлім айналысып жатқанын мәлімдеді. Журек X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасы «алты адамды атыс қаруымен өлтіру және көптеген адамды өлтіруге оқталу» ісін тергеп жатқанын жазды.

— Қолданылған құқықтық саралауға сәйкес, қылмыскер көп адамды қатты қорқыту мақсатында әрекет еткен. Бұл терроризм қылмысы ретінде қарастырылады, — деп толықтырды ол.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Краков қаласындағы атыс салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты Польша Президенті Кароль Навроцкийге көңіл айтты.