Қаза тапқандар — 24 жастағы күдіктінің 53 жастағы әкесі, 52 жастағы анасы және 21 жастағы қарындасы. Олардың мәйіті 7 қараша күні кешке күдікті тұрған тұрғын үйдің пәтерінен табылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, үшеуі де оқ жарақатынан көз жұмған. Мәйіттер сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Тінту кезінде полицейлер пәтерден жеті атыс қаруын тәркіледі.
Қаза тапқандардың табылғаны туралы алғаш рет Польша премьер-министрі Дональд Туск күштік құрылым өкілдерімен өткен кеңесте мәлімдеді. Кейін полиция марқұмдардың кім екенін растады.
Арнайы операцияға байланысты тұрғын үйдің адамдары уақытша эвакуацияланды. Операцияға терроризмге қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлері де тартылды. Тексеру аяқталған соң тұрғындар пәтерлеріне қайта оралды.
Тергеушілер күдіктінің отбасы мүшелерінің өліміне қатысты мән-жайды анықтап, бұл оқиғаның Краковтағы атыспен байланысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Краковтың Бас базар алаңында болған атыстан кейін қалада аза тұту жарияланғаны хабарланған еді. Оқиға салдарынан алты адам қаза тауып, тағы 16 адам жарақат алған. Зардап шеккендердің арасында екі полицей бар. Шабуыл жасаған күдікті ұстау кезінде жараланып, ауруханаға жеткізілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев Краков қаласындағы атыс салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты Польша Президенті Кароль Навроцкийге көңіл айтты.