Креативті индустрия саласында 100 мыңнан астам қазақстандық еңбек етіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде елімізде жалпы ішкі өніміндегі креативті индустрияның үлесі – 1,02 пайыз. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті.
— Қазақстан креативті индустрияны дамыту саласында да айтарлықтай серпіліс жасады. Нақтырақ айтқанда, креативті индустрияны қолдау және дамыту туралы заң жобасы әзірленді. Осы саладағы кәсіпкерлер үшін салық жеңілдіктері енгізілді, бүгінде өңірлерде креативті хабтар құрылып жатыр. Саланы жүйелі қолдау мақсатында Мемлекет басшысы «Креативті индустрияны дамыту қорын» құруды тапсырды, — деді Аида Балаева елордада өтіп жатқан Орталық Азия медиафорумда.
Министрдің мәлімдеуінше, креативті қордың мақсаты — таланттарды анықтау, жобаларды дамыту және қазақстандық контентті халықаралық деңгейде ілгерілету.
— Үкімет креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітіп, іске асырып жатыр. Онда креативті технологияларға жататын 43 қызмет түрі айқындалған. Креативті индустрияларда бүгінде 100 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны — 39 мыңнан астам. Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі креативті индустрияның үлесі — 1,02 пайыз, — дейді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, қреативті индустрияны дамытуға қатысты жаңа нормалар енгізу мәселесі былтыр Мәжілісте қаралды.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Олжас Бектенов биыл 1 шілдеге дейін креативті индустрияны дамыту қоры құрылатынын айтты.
Айта кетейік, Астанада ІІ Орталық Азия медиафорумы өтіп жатыр. Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам делегат қатысып жатыр.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Орталық Азия журналистер академиясы мен креативті хаб құруды ұсынды. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің БАҚ өкілдеріне арналған ортақ сыйлық тағайындау бастамасын алға тартты.