Креативті индустриянының Қазақстанға тән ұлттық үлгісін қалыптастыруымыз қажет – Аида Балаева

АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Еуропа мен Орталық Азиядағы БҰҰДБ аймақтық бюросы директорының орынбасары Ник Хартманмен кездесті. Кездесу барысында тараптар креативті индустрия мен гендерлік саясатты дамыту мәселелерін талқылады.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Мемлекет басшысы креативті индустрияны қолдау бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеуді, оның ішінде әрбір облыс орталығы мен ірі қалаларда креативті индустрия орталықтарын құруды және қатысушыларға өнімді коммерцияландыру мәселелері бойынша көмек көрсетуді тапсырды. Халықаралық тәжірибені ескере отырып осы саланы дамытуға бағытталған Қазақстанға тән ұлттық үлгіні қалыптастыруымыз қажет», - деді министр.

Өз кезегінде БҰҰДБ Еуропа мен Орталық Азиядағы аймақтық бюросы директорының орынбасары Ник Хартман Қазақстанмен халықаралық жобаларды іске асыру мен ынтымақтастықты арттыруға, сондай-ақ сараптамалық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Тараптар заманауи әдістер мен технологияларды пайдалана отырып тереңдетілген зерттеулер жүргізу жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру, креатившілердің қатысуымен семинарлар өткізуге халықаралық сарапшыларды тарту, шетелде тәжірибе алмасуға жіберу және оқытуға қатысты мәселелерді талқылады.