Кредиттік бюро қазақстандықтардың коллекторларға қарызы туралы мәліметтерді МКК-ге береді

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрінің бұйрығымен Кредиттік бюроның мемлекеттік кірістер органдарына жеке тұлғалардың коллекторлар мен шағын қаржы ұйымдары алдындағы қарызы туралы мәліметтерді ұсыну ережесі бекітілді.

Құжатқа сәйкес, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті есепті жылдан кейінгі жылдың 25 қарашасына дейін есепті жылдың 31 желтоқсанына дейінгі жағдай бойынша активтер мен міндеттемелер, табыс және мүлік декларациясын ұсыну міндеті туындаған жеке тұлғалардың тізімін құрады.

Тізім қалыптастырылған күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде комитет аталған жеке тұлғалардың (ЖСН) деректерін «Smart Data Finance» ақпараттық жүйесі арқылы автоматтандырылған түрде Кредиттік бюроға жібереді.

Кредиттік бюро комитеттен жеке тұлғалар (ЖСН) туралы мәліметтерді алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде, автоматтандырылған түрде «Smart Data Finance» ақпараттық жүйесі арқылы комитетке келесі кредиттік есептен мәліметтерді жіберуі қажет:

- активтер мен міндеттемелер, табыс және мүлік декларациясын ұсыну міндеті туындаған жеке тұлғалардың коллекторлық ұйымдарға қарызы туралы мәліметтер;

- активтер мен міндеттемелер, табыс және мүлік декларациясын ұсыну міндеті туындаған жеке тұлғалардың микроқаржы ұйымдарына қарызы туралы мәліметтер.

Бұл ретте комитет пен кредиттік бюро Қазақстан заңнамасына сәйкес салықтық және басқа да заңмен қорғалатын құпияны қорғауға, жеке тұлғалардың деректерінің жария болып кетуіне немесе жылыстауына жол бермеуге міндетті.

Айта кетейік, 2026 жылдан бастап салық төлеушілерге кепілсіз төлем мерзімін шегеру жеңілдігі беріледі.