Кредиттік рейтингке қандай факторлар әсер етеді?
Қазақстанда кредиттік тарих пен жеке кредиттік рейтинг туралы ақпаратты Бірінші кредиттік бюро (БКБ) және Мемлекеттік кредиттік бюро (МКБ) жүргізеді.
Қаржылық қызметтер мен бөлшек өнімдер саласындағы сарапшы, БКБ басқарма басшысы Индира Қарлыбаеваның айтуынша, рейтингке ең алдымен төлем тәртібі, кредиттік жүктеме мен кредиттік тарихтың ұзақтығы әсер етеді.
– Кешіктірудің болуы және олардың ұзақтығы – кредиттік рейтинг қалыптастырудағы ең маңызды фактор, – деді Индира Қарлыбаева.
Сондықтан қарызды уақытында өтеу – кредиттік тарихты сақтаудың негізгі шарты. Берешекті ұзақ уақыт өтемеу қарыз алушының тәуекелін арттырады. Қарыз кейін толық өтелсе де бұрынғы кешіктірулер туралы мәліметтер кредиттік тарихта бірден жойылмайды.
Рейтингке әсер ететін тағы бір фактор – кредиттік жүктеме, яғни қолданыстағы қарыздар мен оларды өтеуге жұмсалатын ай сайынғы төлемдер. Міндеттеме көбейген сайын жаңа кредитті өтеу мүмкіндігін бағалау да маңызды бола түседі. Сондықтан табысын ескермей бірнеше қарыз рәсімдеу қаржылық жағдайды қиындатуы мүмкін.
Кредиттік тарихтың ұзақтығы мен тұрақтылығы да ескеріледі. Бұрынғы және қазіргі міндеттемелер бойынша төлем тәртібі қаржы ұйымдарына қарыз алушының жауапкершілігін бағалауға мүмкіндік береді.
– Қарыз алушының кредиттік тарихы неғұрлым ұзақ әрі тұрақты болса, қаржы ұйымының оны талдап, төлемеу ықтималдығын бағалауы соғұрлым жеңіл болады, – деп санайды экономист Бауыржан Ысқақов.
Кредиттік карталар, тұтынушылық кредиттер, бөліп төлеу, ипотека және автонесие туралы мәліметтер де кредиттік тарихта көрсетілуі мүмкін. Алайда кредиттік өнімдердің көп болуы рейтингті автоматты түрде көтермейді. Ең маңыздысы – міндеттемелерді уақытында орындау.
Жоғары рейтинг кредит алуға кепілдік бере ме?
Жеке кредиттік рейтингтің жоғары болуы банктің кредитті міндетті түрде мақұлдайтынын білдірмейді. Әр қаржы ұйымының кредит беру саясаты мен тәуекелдерді бағалау талабы әртүрлі.
Мәселен, кейбір банктер соңғы үш жылда төлемін кешіктірмеген клиенттерге басымдық берсе, басқалары үшін екі жылдық кезең жеткілікті болуы мүмкін. Ал ипотека сияқты ұзақ мерзімді қарыздар бойынша бүкіл кредиттік тарих тексерілуі ықтимал.
– Қазақстан заңнамасына сәйкес, кредиттік бюро кредиттік тарихтағы мәліметтерді соңғы ақпарат алынған күннен бастап бес жыл бойы сақтайды. Сондықтан бұрынғы кешіктірулер қаржы ұйымының шешіміне әсер етуі мүмкін. Берешекті өтеу кредиттік тарихтағы дұрыс мәліметтерді бірден жоймайды, – деп түсіндірді Бауыржан Ысқақов.
Сонымен қатар мақұлданған кредиттен немесе кредиттік картадан бас тарту рейтингке өздігінен кері әсер етпейді. Сол себепті кредитті алу туралы шешімді тек оның мақұлдануына емес, нақты қажеттілік пен төлем мүмкіндігіне сүйеніп қабылдаған жөн.
Кредиттік тарихты қайдан тексеруге болады?
Қаржы ұйымдарына берілетін мәліметтердің дұрыстығын бақылау үшін жеке кредиттік есепті жүйелі түрде тексеріп отырған жөн. Бұл қателерді анықтауға, өтелген қарыздардың мәртебесін бақылауға және адамның атына рұқсатсыз кредит рәсімделгенін дер кезінде байқауға көмектеседі.
Қазақстандықтар кредиттік есебін онлайн немесе офлайн жолмен ала алады.
Онлайн:
- 1CB.kz сайты немесе Бірінші кредиттік бюроның мобильді қосымшасы арқылы;
- eGov.kz порталындағы «Жеке кредиттік есепті алу» қызметі арқылы.
Қызметті алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе жүйе талап ететін сәйкестендіру тәсілі қажет болуы мүмкін.
Офлайн:
- «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелерінде;
- «Қазпошта» бөлімшелерінде;
- Бірінші кредиттік бюроның Алматы қаласындағы кеңсесінде.
Егер кредиттік есепте өтелген қарыз әлі де белсенді болып көрсетілсе немесе басқа қате анықталса, мәліметтерді берген банкке не тиісті кредиттік бюроға өтініш беруге болады. Ал өзіңіз рәсімдемеген кредит тіркелсе, кредиторға дереу хабарласып, жағдайды анықтау қажет. Қосымша қауіпсіздік үшін банктік операциялар туралы SMS немесе push-хабарламаларды қосып қойған дұрыс.
Кредит аларда қаржылық мүмкіндікті қалай бағалау керек?
Кредиттік тарихтың жақсы болуы қарыз алудың қаржылық тұрғыдан қауіпсіз екенін білдірмейді. Сондықтан жаңа кредит рәсімдемес бұрын ай сайынғы табыс пен міндетті төлемдерді салыстырып, күнделікті қажеттіліктерге қанша қаражат қалатынын есептеу маңызды.
Экономист Бауыржан Ысқақов мұны нақты мысалмен түсіндірді.
– Мысалы, азаматтың ай сайынғы табысы 320 мың теңге, ал қолданыстағы кредиттерінің ай сайынғы төлемі 180 мың теңге делік. Бұл оның табысының 56,25 пайызы қарыз өтеуге жұмсалатынын білдіреді. Қалған 140 мың теңгеден азық-түлікке, коммуналдық қызметтерге, жолақыға және отбасының басқа да қажеттіліктеріне ақша бөлуі керек.
Мұндай жағдайда жаңа кредит алу қаржылық жүктемені одан әрі арттыруы мүмкін. Әсіресе табыс тұрақсыз болса немесе жаңа қарыз бұрынғы берешекті жабу үшін алынатын болса, қарызға тәуелділік қаупі артады, – деді сарапшы.
Сондықтан кредит рәсімдемес бұрын оның қажеттілігін, ай сайынғы төлем мөлшерін, пайыздық мөлшерлемесін және жалпы артық төлемді бағалау керек. Күтпеген шығындарға арналған қаржылық қордың болуы да төлемдерді кешіктірмеуге көмектеседі.
– Ең дұрыс шешім – табысқа сай өмір сүру, міндеттемелерді уақытында орындау және қаржылық мүмкіндікті алдын ала есептеу. Қаржылық сауаттылықтың мақсаты тек кредит алуға мүмкіндік жасау емес, қарыз алғаннан кейін де экономикалық тұрақтылық пен қаржылық еркіндікті сақтап қалу, – деді Бауыржан Ысқақов.
Айта кетейік, еліміздегі банктердің активі 75 триллион теңгеден асты. Президент Жолдауында оны экономиканы дамытуға бағыттауды тапсырды.