Кредиттік рейтингтік агенттіктерді қызметін реттеудің тәртібі айқындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Кредиттік рейтингтік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен ілеспе құжат мақұлданды.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Заңның мақсаты – Қазақстандағы кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеудің құқықтық негізін белгілеу, олардың мәртебесін, қызмет жағдайларын, тәуелсіздігіне, ашықтығы мен есептілігіне қойылатын талаптарды айқындау.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мәліметіне қарағанда, құжат аясында кредиттік рейтингтік агенттіктерді реттеудің тиісті қағидаттарын белгіленді:

- рейтингтік қызметтің сапасы мен адалдығы;
- рейтингтік қызметті жүзеге асыру кезіндегі тәуелсіздік;
- рейтингтік қызметті жүзеге асыру кезінде мүдделер қақтығысын болғызбау;
- рейтингтік қызметтің ашықтығы;
- рейтингтік қызметті жүзеге асыру кезінде құпиялылықты сақтау.

Заңда кредиттік рейтингтік агенттіктердің мынадай сыныптамасы көзделеді:

1. Халықаралық рейтингтік агенттіктер – рейтингтік қызметті жүзеге асыратын әрі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің қаржылық реттеушілері, сондай-ақ уәкілетті орган тарапынан танылған кредиттік рейтингтік агенттік.

2. Шетелдік рейтингтік агенттіктер – шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған, рейтингтік қызметті жүзеге асыратын, осы шет мемлекеттің қаржылық реттеушісі және уәкілетті орган мойындаған, сондай-ақ халықаралық рейтингтік агенттік ретінде саналмайтын кредиттік рейтингтік агенттік.

3. Қазақстандық рейтингтік агенттік – құрылтайшыларының бірі ҚР Ұлттық Банкі болатын, осы Заңға және құрылтай құжаттарына сәйкес рейтингтік қызметті жүзеге асыратын, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған кредиттік рейтингтік агенттік.
Заңда кредиттік рейтингтік агенттіктерді корпоративтік басқаруға, ақпаратты ашуға, ішкі бақылау жүйелері мен рейтингтік қызметті ұйымдастыруға қатысты талаптар көзделеді.

Сондай-ақ уәкілетті органға мынадай құзыреттер беру ұсынылады:

- белгіленген талаптарға сай келетін халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану;
- рейтингтік қызмет туралы заңнаманы сақтау мәселелері бойынша қазақстандық рейтингтік агенттіктің қызметіне тексеру жүргізу;
- рейтингтік қызметке қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;
- қазақстандық рейтингтік агенттіктің ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарды белгілеу;
- қазақстандық рейтингтік агенттікке ықпал етудің шектеулі шараларын қолдану.

- Заңды мақұлдау отандық рейтингтік нарықты құруға және дамытуға, бәсекеге қабілетті отандық рейтингтік агенттіктердің пайда болуына, шағын және орта бизнесті қоса алғанда, қазақстандық компаниялар үшін жоғары сапалы рейтингтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін болады. Бұл нәтижесінде ұлттық қаржы жүйесінің стратегиялық дербестігін арттыруға ықпал етеді, - делінген Сенат ақпаратында.

Айта кетейік, биыл сәуір айында Мәжіліс кредиттік рейтингтердің сапасына қатысты құжатты мақұлдағанын жазған едік.