***
Осы уақытқа дейін телеарналарда жүрген түрлі-түрлі телехикаялар мен оның таптаурын оқиғалары көрермендердің көңілін көншітіп тұрған жоқ. Бітпейтін де қоймайтын үнді сериалдары, болмысымызға келе бермейтін батыстық картиналардың жайы көп айтылып жүр. Ендігі жерде кинематографтарымыз отандық телехикаялар шетелдік телевизиялық өнімдермен бәсекеде оза шауып, нарықты жаулап ала алатынына сенімді. Мұны да уақыт көрсете жатыр.
Дегенмен, бұл туралы апта басында Алматыда өткен «Өмір сынағы» және «Шалғайдағы оқиға» телехикаяларының таныстырылымы барысында айтылды. Бұл екі жоба - қазіргі таңдағы өзекті әлеуметтік мәселелерге арналған. Бірі мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамдағы орны мен құқықтары тақырыбын қозғаса, екіншісі - құлдырап бара жатқан ауыл тағдырына алаңдайды.
Жобалардың бас продюсері Данияр Жанбековтің айтуынша, қазіргі уақытта мемлекет пен коммерциялық арналар ынтымақтастық орнатып, бірлескен жобалар жасауды қолға ала бастаған. Аталған екі жоба осындай қадамның алғашқы нәтижесі болып отыр. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің қолдауымен түсірілген.
«Өмір сынағы» - мүгедектер арбасына таңылған Дана есімді кейіпкердің тағдырын суреттейді. Сұлу, жас келіншектің өз аяғымен жер басып жүре алмай қалғаннан кейінгі өмірі, азап пен күреске толы тағдыры сипатталады. Адамның ерік-жігерін мадақтайтын сюжет желісі күрделі. Осы жайында толық білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» газетінен «Өзгенің өмірі» атты мақаланы оқып шығыңыз.
Бас басылымда «Кремльде кіндігі кесілген» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Естімеген елде көп» деген рас-ау. Сіз Иосиф Сталиннің кабинетінде толғатып, Кремльде босанған қазақ әйелі туралы естідіңіз бе? Естімесеңіз, біздің бүгінгі айтпағымыз - Кремльде кіндігі кесілген Қайсар Меңісов деген қазақтың өміртарихына қатысты хикаят болмақ»,-деп жазады газет. Бұл мақалада Қ.Меңісовтің әкесі Нұржан Меңісұлы мен анасы Данияның басынан өткерген оқиға кеңінен баяндалады.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Дүниежүзiлiк банк мекемелерiнiң бiрi - Халықаралық қайта құру және даму банкi отандық ғалымдардың еңбегін коммерцияландыруға қарыз беретін болды. Бұл жөнiнде Сенаттың Әлеуметтiк-мәдени даму және ғылым жөнiндегi комитетiнiң отырысында Бiлiм және ғылым вице-министр Такир Балықбаев мәлiмдеді. Комитет отырысында «Халықаралық қайта құру және даму банкi мен Қазақстан Республикасы арасындағы қарыз туралы келiсiмдi ратификациялау туралы заң жобасы талқыланды. Аталған заң жобасы елiмiздегi ғалымдардың ғылыми, ғылыми-технологиялық нәтижелерiн коммерцияландыруға, өндiрiске енгiзуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруды қарастырады.
- Жобаға Дүниежүзiлiк банк тарапынан 31 млрд. теңге қаражат бөлiнедi және жоба 5 жыл бойы жүзеге асырылатын болады. Ғалымдардың ғылыми еңбектерін коммерцияландыру, өндiрiсте қолданысқа енгізу, оларға гранттар бөлу басты міндет болып табылады. Бұл мақсатқа жалпы сомадан 14 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды, - дедi Бiлiм және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев.
Вице-министрдің айтуынша, соның iшiнде, 10 млрд. теңгеден астам қаражат коммерцияландыруға арналған гранттарға бөлiнсе, 13 млрд. теңгеден астам қаржы ғалымдардың әлеуетiн арттыруға жұмсалмақ. Осы жайында «Отандық ғалымдардың еңбегі бағаланады» атты мақалада толық берілген.
Осы басылымда «Алаяқтар азаймай тұр» деген мақала берілген. «Мыңдаған қылмыстық істердің сараптамалық статистикасына жүгінсек, біздің азаматтар алаяқтар ұсынатын алдаудың он шақты ғана ең қарапайым түрлеріне сеніп, қалтасындағы қаржысынан, қолындағы мүлкінен айырылып қалады екен. Экономикалық дағдарыс кездерінде адамды алдау амалдарының сан алуан түрлері шығады екен. Сондықтан құқық қорғау органдары алдағы уақытта алаяқтардан сақ болуға шақырады. Әдетте алаяқтар адамның сеніміне кіріп, жаман ойын іске асыру үшін өзінің дайындаған «тұзағын» заңды формаға келтіреді. Кәсіпкер ретінде тіркеледі, қолхат береді, келісімшарт жасайды..., - деп жазады газет. - Жалға офис алып өзін жарнамалайды, әдемі жазулармен оны безендіреді, фирмасы туралы буклеттер таратады... Бұлардың ішінде жылжымайтын мүліктермен, жер телімдерімен, шағын бизнеске кредит рәсімдеумен, жұмысқа орналастырумен айналысатын алаяқтардың «жұмыстары» жүріп тұр деп айтуға болады".