Криптовалюталар мемлекеттік қаржылық бақылауға қысым түсіруі мүмкін — Расул Рысмамбетов

Фото: Facebook/Расул Рысмамбетов

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда айналымдағы қолма-қол ақша көлемі 4,7 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 8,6 пайызға артты. Орта есеппен алғанда, әрбір қазақстандыққа 232 мың теңгеден келеді. Сол уақытта банкоматтар арқылы шешілген қаражат 27,3 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Осы үрдістерге байланысты Kazinform тілшісіне қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов пікір білді.

— Қолма-қолсыз төлемдердің үлесі 87%-ға жетті. Бұл құрылымдық өсімнің шегіне келгенін білдіре ме?

— Иә, айтуға болады. Жалпы есеп айырысулар құрылымындағы қолма-қолсыз төлемдер сегменті бойынша нарық максималды деңгейіне жақындады деуге негіз бар. 87% — өте жоғары көрсеткіш.

Бұл нарықтың қанығу деңгейіне жақындағанын аңғартады. Әсіресе ірі қалалар мен экономикалық тұрғыдан дамыған өңірлерде қолма-қолсыз есеп айырысу кеңінен таралғанның нақты сигналы. Сондықтан алдағы кезеңде өсім біршама қалыпты әрі баяу болуы мүмкін.

— Қолма-қолсыз операциялар көлемі өсіп жатқанымен, айналымдағы қолма-қол ақшаның да артуын қалай түсіндіресіз?

— Бұл ең алдымен экономикалық айналымның кеңеюімен байланысты. Жалпы төлемдер көлемі артқан сайын қолма-қолсыз да, қолма-қол ақша да өседі. Қолма-қол есеп айырысу әлі де сұранысқа ие. Әсіресе шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, қызмет көрсету және жеке секторда қолма-қол төлемге басымдық беріледі. Бұл міндетті түрде салықтан жалтару дегенді білдірмейді. Бұл — тұтынушылық дағды.
Сонымен қатар экономиканың мемлекеттік бақылауға толық түсе бермейтін бөлігі бар. Ол қылмыстық немесе классикалық көлеңкелі сектор емес, алайда реттеу деңгейі төмендеу сегмент. Дегенмен оның үлесі айтарлықтай үлкен емес.

— Қазіргі динамика қаншалықты нақты экономикалық өсіммен байланысты?

— Менің ойымша, мұнда инфляция факторы да бар, бұл да экономиканың номиналды кеңеюі болып саналады, яғни нақты өсім мен инфляциялық факторлардың үйлесімі әсер етеді. Орташа чек өсіп жатыр, бұл инфляцияның көрінісі. Экономиканың кеңеюі әрдайым нақты тұтыну көлемінің ұлғаюын білдіре бермейді. Өткен жылы инфляция 12 пайыздан асты, сондықтан бұл өсімге сол фактор да ықпал етті. 

— 2026 жылы төлем жүйесін дамытуда қандай негізгі трендтер басым болады?

— Цифрландыру үдерісі жалғасады. QR-төлемдердің үлесі артып, мобильді банкинг сервистері дами түседі, қолма-қолсыз төлем қабылдау инфрақұрылымы кеңейеді. Мемлекет көлеңкелі экономиканы қысқарту мақсатында төлемдердің ашықтығын арттыруға ұмтылады. Дегенмен қолма-қол төлемдердің белгілі бір үлесі әрқашан сақталады, бұл — қалыпты құбылыс.

Негізгі назар қаржылық технологиялық инновацияларға аударылады. Жаңа төлем құралдары, соның ішінде цифрлық теңге жобалары кезең-кезеңімен енгізілуі мүмкін. Басты басымдық — операциялардың жылдамдығы мен қолайлылығы.

Сонымен бірге жаһандық қаржылық технология платформалардың дамуы мемлекеттердің қаржылық бақылау мүмкіндіктеріне ықпал етеді. Теориялық тұрғыда трансшекаралық цифрлық активтер арқылы есеп айырысу тетіктері кеңеюі ықтимал.

— Жаһандық технологиялар мемлекеттің қаржылық егемендігіне әсер етеді дедіңіз. Мұны тарқатып айтсаңыз.

— Бұл — кең ауқымды, философиялық мәселе. Криптовалюталар мен жаһандық цифрлық активтер, мысалы Bitcoin немесе Litecoin, дәстүрлі мемлекеттік фиат валюталарға балама құрал ретінде қарастырылады. Классикалық қаржыгер ретінде айтарым: бұл әрдайым мемлекеттің қаржылық егемендігіне ықпал етеді. Сондықтан олардың таралуы қаржылық егемендік ұғымымен тікелей байланысты.

Мәмілелердің бір бөлігі ел ішінде рәсімделіп, ал нақты төлем трансшекаралық форматта жүзеге асуы мүмкін. Мұндай бейресми есеп айырысу жүйелері тарихта да болған. Мәселен, Hawala жүйесі ғасырлар бойы қолданылып келеді.

Қазіргі технологиялық даму мұндай тетіктердің жылдамдығын арттыруы ықтимал. Сондықтан цифрландыру мен қаржылық бақылау арасындағы тепе-теңдік мәселесі алдағы уақытта да өзекті болмақ.

Сонымен қатар сарапшы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де цифрлық ортаға ауысуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оның пікірінше, технологиялардың жаһандануы мемлекеттердің қаржылық бақылау мүмкіндіктеріне ықпал етеді. Сондықтан бұл үрдіс қаржылық егемендік пен реттеу тетіктерін жетілдіру мәселесін күн тәртібінде ұстайды.

— Қазір параны да Bitcoin және басқа да криптовалюталар арқылы алатын жағдайлар бар. Сондықтан бұл үрдіс әрдайым мемлекетке әсер етеді, яғни мемлекеттік бақылау мен қаржылық жүйеге белгілі бір қысым түсіреді, — деп қорытындылады сарапшы.

Еске сала кетейік, орта есеппен әрбір қазақстандыққа шаққанда 232 мың теңге қолма-қол ақша тиесілі. 2024 жылы бұл көрсеткіш 216 мың теңге болған. 2025 жылы банкоматтар арқылы 27,3 трлн теңге көлемінде қолма-қол ақша алынған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 25,4 трлн теңге еді. Өсім 8% болды.

Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстанның сыртқы саудасы 143,9 млрд долларды құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,3%-ға артық. Дегенмен, сауда балансында құрылымдық өзгерістер байқалғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ 2026 жылғы қаңтарда Қазақстандағы көтерме сауда көлемі 3048,5 млрд теңгені құрап, 2025 жылғы сәйкес кезең деңгейінен 103,2%-ды көрсетті.