Криптовалютаны азық-түлік сатып алуға мүмкіндік беретін СryptoCity жобасы іске қосылмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміз СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Астана халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Біз адам капиталына инвестиция салып, жас мамандардың қалыптасуына жағдай жасаймыз. Ең басты міндетіміз — аймақтар арасындағы алшақтықты азайту және орта тапты нығайту. Сол себепті цифрлық технология мен жасанды интеллектіден бастап жасыл энергетика мен қосымша құны жоғары өндіріске дейінгі негізгі секторлардағы әлеуетімізді күшейте береміз. Біз цифрлық трансформацияда елеулі табысқа қол жеткіздік. Мақсатымыз — Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан әсіресе, жасанды интеллектіні дамытуға айрықша мән беріп отырғанын баса айтты.
— Бірқатар шетелдік университеттің филиалы бар, зерттеу мен әзірлеу саласындағы серіктестік жолға қойылған академиялық және инновациялық хабқа айналғымыз келеді. Қазақстан ең қуатты суперкомпьютерді іске қосуға кірісті. Қазірдің өзінде бұл жұмыс басталып кетті. Бұдан бөлек, СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Мұнда криптовалютаны азық-түлік сатып алуға, қызмет төлеміне және басқа да мақсаттарда пайдалануға жағдай жасалады, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форумы өтіп жатыр.
Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған. Екі күн бойы олар түрлі саланың сарапшыларымен бірлесіп, мемлекетаралық ынтымақтастық моделін, жаңа жаһандық әріптестік құрудың келешегін талқылайды.