Криптовалютаны бақылауға алмасақ, ертең үлкен шу болады - Әсел Жиенбаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» ХҚО цифрлық технологиялар жөніндегі директоры Әсел Жиенбаева криптовалюта нарығын тездетіп бақылауға алуға кеңес беріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Қазақстанда көп адамдар пәтерлерін, көліктерін сатып, ақшаларын жоғалтып жатыр. Неге? Себебі криптовалюта нарығын дұрыс білмейді. Сол білімсіздіктен халық шығынға батып жатыр. Сондықтан Ұлттық банк теледидар арқылы, газеттер арқылы қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын, әсіресе, криптовалютаға қатысты білімін көтеріп отыруы қажет. Себебі алаяқтар адамдарды алдайды», - деді Ә.Жиенбаева «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, криптовалюта нарығын тездетіп бақылауға алу қажет. Әйтпесе, алданған азаматтардың наразылығы күшейіп кетуі әбден мүмкін.

«Мен өзім криптовалюта нарығын реттеу керек деп санаймын. Себебі бүгін ол - «биткойн», ертең тағы бірдеңе шығады. Мысалы, Австралияда криптовалютаға рұқсат берді. Алайда мемлекет тарапынан қадағалап отырады. Сондықтан Ұлттық банк осы саланы қадағалауы қажет, тиісті реттеу нормаларын жасау керек. Қандай компаниялар келе алады? Аккредитация қандай болады? Онсыз мен де қазір өз криптовалютамды өтірік шығарып, қарапайым халықтың ақшасын жинап, басқа елге көшіп кете аламын. Бітті. Одан кейін мені кім табады? Сондықтан қазір Ұлттық банкке осы мәселемен айналысу қажет. Себебі ертең үлкен шу болады», - деп атап көрсетті Ә.Жиенбаева.