Португалия командасының капитаны әрі шабуылшысы Криштиану Роналду 30 жасынан кейін ең көп гол соққан ойыншы атанды, деп хабарлайды Kazinform.
2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирінде 38 жастағы К.Роналду Словакиямен матчта (3:2) қос голдың авторы атанып, өз командасына жеңіс әперді.
Осылайша, Роналду халықаралық деңгейде өзінің 30 жасынан кейін 73-голын енгізді.
Мұндай нәтижеге 192 елден ешкім жетіп көрген емес.
Бұл мемлекеттердің қатарында Германия, Франция, Италия, Англия, Испания, Нидерланд, Швеция, Хорватия, Дания, Уругвай, Колумбия, Чили, Мексика, АҚШ, Мысыр, Гана және басқалар бар.
2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында J тобында Португалия құрамасы 21 ұпай жинап, көш бастап тұр.
Роберто Мартинестің командасы қазірдің өзінде Еуропа біріншілігіне өтті деуге болады.
Өйткені Португалия екінші орыннан төмендемейді.
Әр топтан екі үздік құрама жолдама алады.
Еске сала кетейік, футболдан Франция құрамасының Еуропа чемпионатының финалдық сатысына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).