АСТАНА. KAZINFORM – Белгілі футболшы, саудиялық «Аль-Наср» командасының шабуылшысы Криштиану Роналду сүйіктісі Джорджина Родригеске ұсыныс жасады.
Отыз бір жастағы модель әлеуметтік желіде саусағына үлкен гауһар жүзік таққан суретін жариялады.
– Мен ұсынысты қабыл алдым, - деп жазды Джорджина.
40-жастағы Роналду мен испаниялық модель 9 жылдан бері бірге. Екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр. Оның екеуі – ортақ балалары.
Футболшының өзі бұған байланысты пікірін білдірген жоқ.
Криштиану Роналду «Аль-Наср» футбол клубында 2023 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Оған дейін «Манчестер Юнайтед», «Реал Мадрид» және «Ювентус» клубтарының намысын қорғады. Шабуылшы 2008, 2013, 2014, 2016 және 2017 жылдарда «Алтын доп» иегері болған.
Еске салсақ, Португалия ұлттық құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду 22 жыл қатарынан құрамасының сапында гол соққан тарихтағы алғашқы футболшы болды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.