АСТАНА. ҚазАқпарат – Португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду футбол тарихында ең көп жалақы алатын ойыншы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Marca сайтынан мәлім еткеніндей, 37 жастағы Роналду саудиялық «Аль-Наср» клубында жарнамалық келісімшарттарды қоса есептегенде, маусымына 200 млн-дай еуро алатын болады. Бұл – футбол тарихындағы ең көп жалақы.
Роналдудың жалақысы саудиялық клубпен келісімшарт бойынша 100 млн еуроға жетіңкіремейді. Коммерциялық құқықтарды жүзеге асырудың нәтижесінде қалған қаржының орны толады. Португалиялық ойыншы 2,5 жылға дейін келісімшартқа отырды. Дегенмен ол 2030 жылға дейін сол жылғы әлем чемпионатын өткізуге өтінім беретін Сауд Арабиясының елшісі рөлін атқармақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Криштиану Роналдудың «Аль-Наср» клубымен ұзақ мерзімді келісімшартқа отырғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Криштиану Роналду «Аль-Наср» клубымен ресми түрде келісімшартқа отырғанын, келісім 2 жылға жасалғанын жаздық.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).