Криштиану Роналду Еуропаның ТОП-5 лигасында соққан гол саны бойынша рекорд орнатты

ТУРИН. ҚазАқпарат – Италияның «Ювентус» командасының шабуылшысы Криштиану Роналду қазіргі кезде Еуропаның үздік бес лигасында өнер көрсеткен ойыншылар арасында соңғы 15 жыл бойы әр маусымда кем дегенде 15 голдан соққан жалғыз футболшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат AS.com-ға сілтеме жасап.

Жексенбі күні Роналду Италия чемпионатының матчында «Сассуоло» қақпасына гол салды. Ойын «Ювентустың» жеңісімен аяқталды (3:1).

Португалдық спортшы алғаш рет 2006/07 жылғы маусымда «Манчестер Юнайтед» үшін 34 матчта 17 гол кіргізген. Келесі айда 36 жасқа толатын Роналду аталған көрсеткішті 15 маусым бойы сақтап келе жатыр.

2014/15 маусымында Криштиану Роналду Испанияның футбол чемпионатында «Реал Мадрид» үшін 35 матчта 48 рет доп кіргізген.

Оның қарсыласы – аргентиналық Лионель Месси 2008/09 жылғы маусымнан бастап «Барселона» сапында 12 маусымда 15-тен аса гол кіргізді. Ф утболдан Испания чемпионатының қазіргі маусымында Месси 11 рет гол салды.