НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду футбол тарихындағы үздік сұрмерген атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Туриндік «Ювентус» намысын қорғайтын Роналду Италия суперкубогы финалында «Наполи» клубының қақпасына өзінің спорттық жолындағы 760-ыншы голын соқты.
Бұған дейін рекорд чехословакиялық шабуылшы Йозеф Бицанға тиесілі еді. Ол 1931-1955 жылдар аралығында 759 голдың авторы атанған еді.
«Наполимен» өткен матчта Роналду 64-минутта есеп ашты.
94-минутта Альваро Мората ойын нүктесін қойды – 2:0.
Осылайша жас жаттықтырушы Андреа Пирло баптайтын «Ювентус» Италия суперкубогын тоғызыншы рет ұтып алды.
К.Роналду лиссабондық «Спортинг», ағылшындық «Манчестер Юнайтед», мадридтік «Реал», «Ювентус» және Португалия құрамасы сапында 1036 кездесу өткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Криштиану Роналдудың соққан гол саны жөнінен Пелені басып озғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).