Роналду жанкүйерлерінен кешірім сұрап, ұлттық құрамадағы мансабын аяқтамайтынын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубының шабуылшысы әрі капитаны, «Алтын доптың» бес дүркін иегері Криштиану Роналду Португалия ұлттық құрамасынан өз бетінше кетіп қалғаны үшін кешірім сұрады.

Фото: tizgin.kz

Португалиялық футболшы бұл туралы Instagram парақшасында мәлімдеді.

— Маған берілген уәденің бұдан әрі де бұзылғанын күтпей, ұлттық құрамадан кетуге шешім қабылдадым. Олар бірауыздан менің орным ұлттық құрамада екенін айтты. 25 жылға жуық мансабымда ешқашан қандай да бір жаттықтырушының немесе ұлттық құраманың бапкерінің техникалық не тактикалық шешімдеріне араласқан емеспін, — деп жазды Роналду.

Футболшы ұлттық құрамадағы әріптестері мен жанкүйерлерінен өз әрекеті үшін кешірім сұрады. 

— Португалия халқынан кешірім өтінемін. Алайда маған берілген уәденің орындалмауы осындай шешім қабылдауыма әсер етті. Бапкердің уәдесіне көп адам куә, олар мұны растай алады. Соған қарамастан, мен бұлай жасамауым керек еді. Жауапкершілік тек менің мойнымда, — деді футболшы.

Роналду халықаралық мансабының тек қоштасу матчымен аяқталғанын қаламайтынын да айтты. Оның сөзінше, мұндай кездесулер өткізуге әлі уақыты бар. Қазір ол Португалия құрамасымен бірге жарыстарға қатысып, жеңіске жетуді жалғастырғысы келеді. Сондай-ақ Португалия футбол федерациясы тарапынан қандай да бір жаза тағайындалса, оны қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. 

— Мен барлық жанкүйеріме, әсіресе барлық португалиялыққа уәде бере аламын. Бізде бір немесе бірнеше қоштасу матчы болады. Оған әлі уақыт бар. Сондықтан денсаулығым жақсы болып, клубымда ойнап, гол соғып жүрсем, маған тағайындалуы мүмкін дисквалификациядан кейін де ұлттық құрама сапында ойнауға дайынмын. Бұған дейінгі күндердегідей, ұлттық құрама үшін өнер көрсетіп, жеңіске жету үшін әрдайым командадан табыламын, — деп атап өтті ол.

Бұған дейін 41 жастағы Роналду Ұлттық құраманың бас бапкері өткізген баспасөз мәслихатынан кейін және Португалия футбол федерациясының президентімен сөйлескен соң құраманың сапынан кету туралы шешім қабылдағанын айтқан болатын. Сондай-ақ уақыты келгенде ұлттық құрамадан кетуге түрткі болған себептердің ақ-қарасын бүкіл Португалия халқына айтып беретінін де мәлімдеген еді.