Португалия құрамасының шабуылшысы әрі капитаны Криштиану Роналду кезекті рекордына қол жеткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінің топтық бәсекесінде Роналду Лихтенштейнмен өткен матчта гол соқты.
Осылайша, К.Роналду футбол тарихында 38 жасында өз құрамасы үшін 10 гол соққан алғашқы ойыншы атанды.
Мерзімінен бұрын-ақ 2024 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама алып үлгерген Португалия аталмыш ойында 2:0 есебімен жеңіске жетіп, 27 ұпаймен өз тобында жекедара көш бастап келеді. 19 ұпайы бар, екінші орындағы Словакиядан әлдеқашан қара үзіп кеткен португалиялықтар келесі кездесуін 19 қарашада Лиссабонда Исландия командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Магомед Адиевтің бұл Адиев қана емес, бүкіл құраманың феномені екендігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.
Бүгін Қазақстан құрамасы Астанада Сан-Мариноны қабылдайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).