АСТАНА. ҚазАқпарат – Португалия мен саудиялық «Аль-Наср» клубының шабуылшысы Криштиану Роналду ұлттық лигада гол соғу жөнінен әлемдік рекорд орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық футбол тарихы және статистикасы федерациясынан (IIFHS) мәлім еткеніндей, Роналду «Аль-Шабаб» командасымен өткен матчта қос голдың авторы атанды.
Осылайша, ол ұлттық чемпионаттардағы 516-ыншы және 517-голдарын соғып, аустриялық және чехословакиялық шабуылшы Йозеф Бицан мен мажарстандық Ференц Пушкашты басып озды. Олар 515-тен гол соғып, ұзақ уақыт бойы рекордты ұстап тұрған еді.
Бұл рейтингте аймақтық лигаларда соғылған голдар есептелмейді. Сондықтан Пеле, Ромарио сияқты сұрмергендер тізімде жоқ.
Жуырда 500 гол енгізген үш ойыншының (Роналду, Пушкаш, Бицан) қатарына аргентиналық Лионель Месси кіруі әбден ықтимал. Оның есебінде 496 доп бар.
Роналду Португалия біріншілігінде – 3, Испанияда – 311, ағылшын премьер-лигасында – 103, Италияда – 81, Сауд Арабиясында 19 голдың авторы атанды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бішкекте «Барселонаның» аңыз ойыншылары жасыл алаңға шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).