«Кристис» бәссаудасы ислам өнерінің апталығын жариялады

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Сәуір айының 22-26-сы аралығында лондондық «Кристис» атты бәссауда үйі бес бірдей сауданың көрігін қыздырады. Онда ислам және үнді өнерінің жүздеген жауһарлары халықтың назарына ұсынылады.

Сәуірдің 22-де ұзын саны 600 жәдігерден тұратын Саид Мотамед (Saeed Motamed) коллекциясының бір бөлігі қойылады. Бұл жайында Ahram Online-ға сілтеме жасап, muslim.kz хабарлайды.

«Кристистің» ресми баспасөз баянында айтылғандай, Саид Мотамед (1925-2013) бұл коллециясын 1953 жылдан бастап, 90-шы жылдардың бас кезіне дейін тірнектеп жинаған. Оның коллекциясынан «Иран мен өзге де ислам елдеріне тән көркем өнерді терең білетіндігін байқауға болады».

Ал сәуірдің 23-і күні бәссауда үйінде 200-ден аса алаша мен текемет бұйымдары саудаға түседі. Оның ішінде, жібек алаша коллекционері Джордж Фарроудың (Geroge F. Farrow) (1916-2001) бұйымдары да бар.

Оксфорд университеті тегін берген коллекция бұйымдары сәуірдің 25-і күні елдің назарына ұсынылады. Одан түскен қаржы әлемдегі ең көне, Оксфордтағы көпшілікке арналған Бодлей кітапханасын күтіп ұстауға, сондай-ақ, Сасанидтер әулетін зерттеуге жұмсалады.

«Ислам өнерінің апталығы» саудасына шығарылатын бұйымдар ІХ-ХХ ғасырдың бас кезіне тиесілі. Жәдігерлер Үнді, Османлы қағанаты және Фатимид дәуіріндегі Мысыр шеберлерінің қолынан шыққан.