Крит аралындағы орман өртінен үш өрт сөндіруші қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Грекияның Крит аралын шарпыған орман өрттері екінші күн қатарынан жалғасып жатыр, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ .

Фото: azertag

Қатты жел мен жоғары ауа температурасы тілсіз жауды ауыздықтауға кедергі келтіріп отыр.

Крит аралындағы өртті сөндіру кезінде екі өрт сөндіруші, ал Пелопоннес өңірінде тағы бір өрт сөндіруші қаза тапқан. Бұдан бөлек, екі қызметкер жеңіл жарақат алған.

Қазіргі уақытта Критте 200-ден астам өрт сөндіруші, ондаған арнайы техника мен өрт сөндіру авиациясы жалынның таралуын тоқтатуға күш салып жатыр. Алайда күшті жел әуе арқылы жүргізілетін операциялардың тиімділігін төмендетіп, өрттің жаңа аумақтарға таралуына себеп болып отыр.

Өрт салдарынан тұрғын үйлер, қоймалар, зәйтүн бақтары мен ауыл шаруашылығы алқаптары зардап шекті. Қауіпсіздік мақсатында жүздеген жергілікті тұрғын мен турист эвакуацияланды.

Грекияның Азаматтық қорғаныс қызметі елдің бірқатар өңірінде өрт қаупінің деңгейі әлі де жоғары екенін мәлімдеді. Билік тұрғындарды қауіпсіздік қызметінің нұсқауларын қатаң сақтауға және қауіпті аймақтарға бармауға шақырды.

Мамандардың айтуынша, Жерорта теңізі өңіріндегі аптап ыстық, ұзаққа созылған құрғақшылық пен қатты жел орман өрттерінің өте жылдам таралуына ықпал етіп отыр.

Соңғы күндері Франция, Испания және Грекияда бір мезгілде тұтанған ірі орман өрттері Еуропадағы төтенше жағдайлар қызметтерінің жұмысына айтарлықтай салмақ түсірді.

Сондай-ақ, Еуропалық комиссияның Төтенше жағдайларға ден қоюды үйлестіру орталығы алдағы күндері, әсіресе Грекия мен Италияда орман өрттерінің қаупі одан әрі күшейетінін ескертті.