«Крокус Сити Холл» концерт залында жасалған лаңкестік орнында төтенше қызметтердің үйінділерді талдауы кезінде қаза тапқандардың денелері табылды. Осылайша, қазір қаза тапқандар саны 115 адамға жетті. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, – делінген Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің хабарламасында.
Бұған дейін ФҚҚ 11 адамды, оның ішінде «Крокус Сити Холлда» шабуылға тікелей қатысы бар 4 террористің ұсталғаны жөнінде баяндаған болатын.
Еске сала кетсек, кеше түнде Мәскеудің солтүстік-батысындағы «Crocus City Hall» концерт залында атыс болып, камуфляж киген адамдар оқ жаудырған еді. Соңғы мәліметтерге назар салсақ, терактіде қаза тапқандар саны 60-тан асса, 100-ден аса адам жарақат алған.
Осыған байланысты Қазақстан президенті лаңкестік әрекет кезінде азаматтардың қаза табуына байланысты Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтты.
Сондай-ақ бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі лаңкестік оқиғаға байланысты қабылданатын шаралар туралы Қауіпсіздік кеңесінің мүшелерімен шұғыл жиын өткізді.